Брифинг

14-15 наурыз күндері Астанада Сириядағы жағдайды реттеу бойынша кезекті кездесу өтеді

13 наурыз 2017

14-15 наурыз күндері Қазақстан астанасында Астана процесі шеңберінде Сириядағы жағдайды реттеу бойынша кезекті халықаралық жоғары деңгейдегі кездесу өткізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің кезекті апталық шолу брифингінде ОКҚ ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлады.

«14 наурызда алдын ала кеңесу жоспарлануда, ал 15 наурызда қатысушылардың пленарлық отырысы болады»,-деді спикер.

Сондай-ақ, Мұрат Жұманбай Астана процесі шеңберінде Сирия дағдарысын реттеу бойынша кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің қолдауымен және тікелей қатысуымен болғанын және ағымдағы жылдың 23-24 қаңтар және 15-16 ақпан күндері Астана қаласында Сирия шиеленісін реттеуге арналған жоғары деңгейдегі келіссөз екі рет өткізілгенін, 6 ақпанда сарапшылардың техникалық кездесуі өткенін атап өтті.

«Екі күндік келіссөздердің нәтижесінде Сирияда соғыс амалдарын тоқтату режимін бақылау бойынша бірлескен жедел топ туралы ереже келісілген еді. Бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 (2015) қарарына сәйкес Женева процесінде саяси мәселелерді талқылауға көшуге жасалған қадам ретінде қарастырады»,-деді ОКҚ ресми өкілі.

Сонымен қатар, 16-17 наурыз аралығында Иран Ислам Республикасы мен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі арасында кеңес өткізіледі, 18 наурызда Біріккен Араб Әмірлігімен өтеді.

Дипломатиялық қатынастың 25 жылдығы шеңберінде 17 наурызда Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов Иранның Сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрахим Рахимпурмен кездеседі.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат