Брифинг

Еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астанада «Ақтастағы Ахико» драмасы қойылады

28 қараша 2016

Ертең, 29 қарашада, Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының 25 жылдығына орай «Ақтастағы Ахико» гастрольдік драмасы қойылады. Бұл туралы ОКҚ алаңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Майемеров айтып өтті.

«Ақтастағы Ахико» драмасы – бұл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының 91-ші маусымының бірінші премьерасы. Жаңа қойылымды біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймыз», - деді Асхат Майемеров.

Баспасөз конференциясында айтылған ақпаратқа қарағанда, пьеса нақты оқиғаға негізделіп, Қазақстандағы танымал тұлға – Қарлаг зұлматынан өтіп, біздің елімізден екінші отанын тапқан жапондық Ахико Тэцуроның тағдырын баяндайды.

«Драмада кеңес заманы дәуірінде сталиндік репрессияға ұшырап, 17 жасында әйгілі Қарлаг түрмесіне түскен Ахико атты жапондық азаматтың тағдыры, темір торда өткен жастық шағы мен көрген азаптары көркем тілмен суреттеледі. Түрмеден шыққан Ахико Қарағандыға тақау орналасқан Ақтас қаласына қоныс тебеді. Араға көп жылдар салып, Ахико өзінің тарихи Отанына барып, әкесі мен ағаларымен кездеседі, алайда бәрібір Қазақстанға қайтып оралады. Бүгінде Ахико 85 жаста, олөсіп-өнген үлкен әулеттің ақсақалы, 11 немере, 5 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты жан», - дейді спектакльде Ахико Тэцуроның рөлін сомдайтын актер ДулығаАқмолда.

«Бұл қойылымда Ахиконың тағдыры арқылы өмірге құштар, рухы мықты, ХХ ғасырдың ауыр кезеңдерінде де адамшылық қасиетін жоғалтпаған жандардың бейнесін көруге болады», - деп атап өтті театр директоры.

Баспасөз конференциясының соңында Асхат Майемеров Ахико Тецуроның образы барлық қазақстандықтарды бірлікке, ынтымақтастыққа және әлемдегі келісімге үндейтінін айтты.

Бұл жерде саяси қуғын-сүргін мен жасанды ашаршылықтың құрбаны болған нақты адамның тағдыры қазақ театрының тарихында тұңғыш рет деректі драманың өзегіне айналып отырғанын да атап айта кету керек.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат