Брифинг

Халықаралық жасөспірімдер байқауы Астана қаласында өтеді

15 желтоқсан 2016

Мерейтойлық Х Халықаралық П.Чайковский атындағы жасөспірімдер байқауы Астана қаласында 2017 жылдың 15 мен 25 маусымы аралығында өтеді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚазҰӨУ ректоры Айман Мұсақожаева мен П.И. Чайковский атындағы Халықаралық конкурс лауреаттар қауымдастығының бас директоры Андрей Щербактың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Профессор Айман Мұсақожаева атап өткендей, байқау 17 жасқа дейінгі музыканттар арасында фортепиано, скрипка және виолончель мамандықтары бойынша өткізіледі.

«Байқауды Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ Ұлттық өнер университеті мен П.И.Чайковский атындағы Халықаралық байқау лауреаттары қауымдастығы ұйымдастырады. Ол П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы, Мәскеу үкіметінің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі» – деді КазҰӨУ ректоры.

Оның айтуынша, байқаудың ерекшелігі – ол әртүрлі елдерде өткізіледі әрі жас музыканттардың әлемнің барлық елдерінен қатысуына мүмкіндік береді.

Х Халықаралық П.Чайковский атындағы жасөспірімдер байқауының төрешілері құрамына Ресей, Қазақстан, АҚШ, Корея, Қытай, Франция, Швейцария елдерінен белгілі музыканттары кіреді. Байқаудың бірінші және екінші кезеңдері Қазақ Ұлттық өнер университетінің сахналарында, үшінші кезең – «Астана Опера» Опера және балет театрының сахнасында, ал ашылу және жабылу салтанаты «Қазақстан» Орталық концерт залында өтеді. Байқаудың финалына қатысушылар симфониялық оркестрлердің сүйемелдеуімен шығарма орындайды.

1992 жылы негізі қаланған Халықаралық П.И.Чайковский атындағы жасөспірімдер байқауы – жас пианистер, скрипкашылар және виолончелистер үшін аса ірі кәсіби конкурс. Ол Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір (Ресей), Сендай (Жапония), Сувон (Корей Республикасы), Сямынь (ҚХР), Монтре-Веве (Швейцария), Курасики (Жапония) қалаларында өткен болатын.


+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат