Брифинг

Жамбыл облысында биыл 6 мыңнан астам оқушы ҰБТ тапсырады

12 мамыр 2016

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Бекбатырова Жәмилә Елеуқызының қатысуымен ҰБТ-ға дайындық барысы жайында брифинг өтті.

Брифинг барысында ҰБТ-ға байланысты жан-жақты және жүйелі дайындық жұмыстарының жыл бойы жүргізілгендігі айтылды.

Жәмилә Бекбатырованың айтуынша, 2015-2016 оқу жылында облыстағы 316 жалпы білім беретін орта мектепті 8561 оқушы бітіргелі отыр. Оның ішінде 7985 оқушы күндізгі мектепті, 571 оқушы кешкі мектепті бітірсе, 3077–і қала мектептерін, 5484-і ауыл мектептерін бітіреді. Бітірушілердің 6291-і қазақ тілінде, 2245-і орыс тілінде, 25-і өзбек тілінде оқығандар.

«2016 жылғы ҰБТ-ға қатысуға 6065 (70,85%) мектеп бітіруші өтініш берген. Оның 6064-і күндізгі мектеп бітірушілер, 1-і кешкі мектеп түлегі, 5027-сі (82,8%) қазақ тілінде, 1038-і (17,2%) орыс тілінде тест тапсырады», – деді спикер.

Оның айтуынша, облыстағы 10 ҰБТ өткізу пунктінде мемлекеттік комиссия құрылып, бекітілген. 2016 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді тиімді ұйымдастыру мен өткізу үшін ҰБТ-ны ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ұйымдастыру-басқару жұмыстарын дұрыс жүргізіп, ҰБТ-ны өткізу технологиясының бұзылуына жол бермеуіне жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізуде.

«2016 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуде өзгерістер енгізілгенін хабарлап, шекті денгейден өтпей қалған мектеп бітірушілерге 2-ші рет тест тапсыруға рұқсат беріледі. 2-ші рет тапсыратын тест ақылы болады, оның бағасы 2242 тенге. Ал «2» алған мектеп бітірушілерге және ҰБТ-да алған балдарының нәтижесін жақсарту мақсатында тестті қайта тапсыруға рұқсат берілмейді», – деп қорытындылады Ж. Бекбатырова.

Еске салатын жайт, Ұлттық бірыңғай тестілеу облыста 10 ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункттерінде ағымдағы жылдың 2-15 маусым аралығында өткізіледі. 2016 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермейді.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат