Брифинг

Жаңа шыққан отандық оқулықтардың сапасы жоғары болмақ

17 наурыз 2017

Алғаш рет пәндік комиссияның құрамы 40 адамға толықты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында оқулықтардың бірыңғай дерекқорын іріктеу бойынша республикалық комиссияның жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі комиссия мүшесінің қатарын 13 адамнан асырған емес. Биылғы жылы комиссия құрамы өзгеріске ұшырап отыр. Комиссия жұмысына 40 біліктілігі жоғары мамандар тартылды. Бұл еліміздің әр аймағынан әр пән бойынша жиналған ұстаздар, басшылар, ғалымдар, Бірғаным Айтымова, Бекболат Тілеухан, Жамбыл Ахметбеков тәрізді Сенат депутаттары»,-деді Эльмира Суханбердина.

Эльмира Суханбердинаның мәліметінше, барлық пәндік комиссия саны 140-қа дейін жетеді. Оның айтуынша, пәндік комиссияның жұмысы толықтай бейнекамераға жазылып отырады.

«Комиссия жұмысына кері әсерін тигізбеу үшін комиссия мүшелеріне алдын ала қатаң ескерту жасалынды. Республикалық пәндік комиссия мүшелерінің қатысуымен ғана жабық тәртіпте комиссияның жұмысы қорытындыланады»,-деді Эльмира Суханбердиева.

ҚР БҒМ өкілінің ақпаратына сүйенсек, байқауға 12 шетел және отандық баспалар қатысқан. «Байқаудың іріктеуіне 100 –ге жуық оқулық ұсынылды. Оқулықтың жартысы оқулық сапасының төмендігіне байланысты байқаудан шығарылды. Қалған оқулықтардың сапасы мен мазмұны екі апта бойы толықтай зерттелді»,-деді Эльмира Суханбердина.

Сондай-ақ, Эльмира Суханбердина оқу материалдары мазмұнының жаңаруына байланысты оқулықтар бірқатар өзгеріске ұшырағанын жеткізді. «Негізінен оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту бағыты жаңаруға ұшырады»,-деді Эльмира Суханбердина.

Эльмира Суханбердина осы аптадан бастап оқулықтардың мәтінін ҚР БҒМ ресми сайтынан көруге болатынын атап өтті. «Бір ай бойы оқулықтар ресми сайтта ұсынылатын болады. Қазақстан азаматтары оқулықтың сапасы бойынша өз ұсыныстары мен ескертулерін жолдай алады. Талқылау нәтижесінде баспаханалар оқулықты басып шығаруға кіріседі»,-деді ҚР БҒМ вице-министрі.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат