Брифинг

ҚР Қарулы Күштерінде «Цифрлық армия» бағдарламасы әзірленуде

18 сәуір 2017

Қарулы Күштерде әскер түрлері мен жеке құрамның күнделікті уақытын тиімді басқару үшін «Цифрлық армия» бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыстар басталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов мәлім етті.

«Цифрлық армия» бағдарламасы заманауи ақпараттық технологиялар мен интеграцияны пайдалана отырып, Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылмақ.

Аталған бағдарлама аясында жүзеге асатын «Цифрлық әскери білім мен ғылым» жобасы әскери оқу мекемелерінің базасындағы ғылыми инновациялық қарқынның дамуына ықпал етпек. Ал «Цифрлық әскери медицина» жобасы әскери медициналық бөлімдер мен мекемелердің базасындағы әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырмақ.

Спикердің айтуынша, жергілікті әскери басқару органдарында азаматтарға қызмет көрсетудің стандарттарын халыққа қызмет көрсету орталықтарына ұқсас форматта енгізу міндеті қойылған. Осы мақсатта Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, жергілікті әскери басқару органдарында азаматтарға қызмет көрсету түрлерін автоматтандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аталған жоба «Цифрлық армия» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.

Бүгінгі таңда үш мемлекеттік қызмет түрін электрондық форматқа ауыстыру үшін арнайы іс-шаралар жоспары дайындалды.

Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігімен «Тұрғын үй қатынастары бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу мақсатында жаңа механизм құрастырылды. Жаңа механизм негізінде әскери қызметшілер мен олардың отбасы тұрғын үймен қамтамасыздандырылмақ.


+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат