Брифинг

«Шипажай-2017» II Халықаралық ғылыми – практикалық форумға әлемнің 50 курорттық ұйым өкілдері қатысады

19 сәуір 2017

«Бурабай» курорттық аймағында 20-21 сәуірде «Шипажай-2017» II Халықаралық ғылыми – практикалық форум өтеді. Форум «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің құрылуының 50 жылдығына арналады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Шипажай-2017» халықаралық ғылыми-практикалық форумы ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Істері Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Валерий Бенберин мәлім етті.

Спикердің айтуынша, Форум жұмысына медициналық оңалу, кардиология, урология, онкология, гинекология, курортология, физиотерапия, емдік дене шынықтыру және массаж саласындағы Германиядан, Чехиядан, Италиядан, Ресейден келген жетекші мамандар қатысады. Сонымен бірге әлемнің 8 елінен (Қазақстан, Әзірбайжан, Чехия, Германия, Болгария, Италия, Венгрия, Ресей (Башқортыстан, Татарстан)) 50 курорттық ұйым өкілдері келеді деп күтілуде. Спикерлер қатарында Қазақстанның әр түрлі өңірлерінен және шетелдерден келген ірі ғылыми-зерттеу институттарының, медициналық оңалу орталықтарының, шипажай-курорттық мекемелерінің өкілдері бар.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы Қазақстанда ҚР Ұлттық Курорттық Қауымдастығы құрылды. Сол жылы Алматыда «Шипажай» I Халықаралық ғылыми – практикалық форумы өтті.

«Шипажай-2017» форумы аясында шипажай-курорттық ұйымдардың және фармацевтикалық өнім өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылатын болады.

Өз кезегінде, ҚР Ұлттық Курорт Қауымдастығы ҚР шипажай-курорт қорының Ұлттық тізімін қалыптастыруда. Сондай-ақ, биыл «Оқжетпес» пен «Алматы» шипажайлары денсаулық сақтау саласындағы ҚР аккредитациялаудың ұлттық стандарттарына сәйкес аккредитациялаудан өтеді. Бұндай шара Қазақстанда алғаш рет өткізілгелі отыр.

Айта кетейік, Қазақстанда 200 астам шипажай жұмыс істейді. Шипажайлардың негізгі бөлігі ОҚО, ШҚО, Қарағанды, Алматы, Қызылорда облыстарында және Алматыда шоғырланған.



+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат