Жер мәселесi

19 мамыр 2016
Қазақстандағы барлық саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар жер реформасы мәселесін талқылауға кірісіп кетті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті. «Жер мәселесі бүкіл халыққа қатысты. Сондықтан да Елбасының 5 мамыр күні Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған кейбір нормаларына мораторий жариялағанын барлықтарыңыз естідіңіздер. Онда Президент «кез келген заң халыққа қызмет істеуі керек, ал халыққа қызмет етпейтін заңға біз зәру емеспіз» деп ашық айтты. Үкіметке, қоғамдық ұйымдарға, саяси партияларға осы заң жобасын егжей-тегжейлі халықпен, халықтың ортасында түрлі топтармен, Қазақстанның барлық облыстарымен, аудандарымен кездесулер өткізіп, талқылап, енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қамтып, халық қызмет ететін заңнаманы «нағыз халықтық заң» етіп қабылдау жөнінде тапсырма берді» – деді Жер реформасы жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары. Бұл орайда М. Құл-Мұхаммед қазіргі уақытта Қазақстандағы барлық саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың осы заң жобасын талқылауға кірісіп кеткенін атап өтті. Сонымен қатар, аталған заңның ең алдымен жермен тікелей жұмыс жасайтын адамдарға қатысты екеніне тоқталған ол мәселені бұл салада тәжірибе жинақтаған, кәсіп ашқан, сондай-ақ жерді жалға алып, кәсібін осы бағытта жүргізіп отырған адамдар арасында талқылау керектігін жеткізді. «Біз алдағы уақытта еліміздің түрлі өңірлеріне де шығатын боламыз. Бұл мәселелерді жермен тікелей жұмыс жасайтын азаматтармен талқылаймыз», – деді комиссия төрағасының орынбасары. Бұдан бұрын хабарланғандай, жер реформасы бойынша комиссияның отырысы әр сенбі сайын өтетін болады. Алдағы отырста жерді сату мәселесі талқыланады деп жоспарлануда.
19 мамыр 2016
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмыс барысына арналған брифинг өтті. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев Комиссияның алғашқы отырысынан кейін атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді.«Біз Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан штаб құрдық, сондай-ақ Комиссияның хатшылығы жұмыс істейді, онда Комиссия мұшелерінің, сондай-ақ өңірелерден келіп түскен барлық ұсыныстар шоғырланады. Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында жер мәселесіне қатысты және одан бақа да мәселелерге байланысты ұсыныстар көп болды. Олардың барлығы қаралып, комиссия жұмысына қатысы жоқ мәселелер сәйкес мемлекеттік органдарға жіберіледі», – деді Комиссия төрағасы.Б. Сағынтаевтың айтуынша, жақында ғана жұмысын бастаған жер мәселесі бойынша call-орталыққа дүйсенбіден бері еліміздің барлық өңірінен 700-ден астам қоңырау келіп түскен. Сондай-ақ jerturaly.kz сайты жұмыс істеуде.«Біз ел азаматтарының барлығын жер реформасын талқылау процесіне белсене қатысуға шақырамыз және бұл жұмыстарға Алматы, Астана қалаларының және облыс әкімдіктерінің жанынан құрылған қоғамдық кеңестерді жұмылдырдық. Елбасы атап өткендей, жер үшін шынымен жаны ауыратын адамдардың барлығы өз сөздерін жеткізуі керек, сондықтан да мен ел азаматтарын аталған мәселені белсенді түрде талқылауға шақырамын», – деді ол.Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары өткен отырыста Комиссия мүшелері тарапынан белгілі бір жұмыс топтарын құру туралы ұсыныс түскенін атап өтті. Ол ұсыныс қабылданып, қазіргі уақытта 4 топ құрылды: 1 – экономикалық, 2 – құқықтық, 3 – рәсімдердің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, 4 – комиссия шешімдерін түсіндіру және ақпараттандыру.«Қазір Комиссия мүшелерінен кім қай топта жұмыс істеуге ынталы екендерін білу үшін ұсыныстар алынып жатыр. Келесі отырысымызда осы топтардың құрамы бекітіліп, Комиссия мүшелері ішінен сол топтардың жетекшілері белгіленеді, – деді Б. Сағынтаев. – Бұл осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс. Алдағы сенбіде қарастырылатын алғашқы сұрақ – жерді сату мәселесі. Одан соң жерді шетелдік азаматтарға жалға беру мәселесін талықылайтын боламыз. Бұдан бөлек, өзге де сұрақтарға байланысты Комиссияның бірнеше отырысын өткізген соң, біз алдағы маусым айында өңірлерге шығуды жоспарлап отырмыз. Облыс әкімдіктерінің жанынан құрылған қоғамдық кеңестермен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып осы мәселені әрбір өңірде талқылап шығамыз».
19 мамыр 2016
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ішінен жаңадан Жер ресурстарын басқару комитеті құрылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмыс барысына арналған баспасөз маслихатында Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлім етті. «Елбасының Жарлығына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігіне қараған жер мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру туралы шешім қабылданды. Осыған орай, сейсенбі күні Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы комитет, яғни, Жер ресурстарын басқару комитетін құру туралы шешім қабылданды. Ұлттық экономика министрлігінде істеген қырық жеті қызметкер АШМ ішінен құрылған осы комитетке ауысып жатыр», – деп атап өтті А.Мырзахметов. Баспасөз маслихаты барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Жер реформасы жөніндегі комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев комиссия жанынан 1434 нөмірлі Call-орталық ашылып, бір апта ішінде оған 700-ден астам ұсыныс-пікір келіп түскенін хабарлады. Ал, Ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметовтің айтуына қарағанда, осы 700 сұрақтың 90 пайызы жерді жекеменшікте пайдалану төңірегінде болып отыр.
04 мамыр 2016
Елімізде 1 шілдеден бастап аукцион арқылы сатылымға шығарылатын жер телімдерінің нақты құны жердің типіне, түріне және орналасқан аумағына қарай белгіленеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҰЭМ Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің басқарма басшысы Самат Сәрсенов мәлім етті.«Жер телімдерінің кадастрлық құны мемлекет қаулысымен белгіленген. Оның базалық ставкасы жердің типіне, түріне, орналасқан жеріне байланысты бекітіледі. Сол базалық ставка арқылы осы жердің нақты құнын арнайы мамандар – әкімшіліктегі басқармалардың өкілетті тобы нақты бекітеді. Сол базалық ставкаға нақты орналасқан жер бойынша түзету коэффициенттерін енгізу арқылы оның бағасы анықталады. Ол әруақытта нақты болады, ешуақытта екі түрлі болуы мүмкін емес», - деді С.Сәрсенов.
04 мамыр 2016
Енді еліміздеауыл шаруашылығы жерлерініңмақсатты ғана емес, тиімді пайдаланылуы мемлекеттік бақылау күшейтілетін болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» ММ жетекшісі Ерболат Базылжанов мәлім етті.Оның айтуынша, осы жұмыстармен бұрыннан айналасып келе жатқан «Агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығында» жоғары білімді мамандары бар, агрохимиялық қызмет қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.«Өздерінің егістік жерлеріне агрохимиялық зерттеулер жүргізіп, осындай зерттеу нәтижелерін басшылыққа алған шаруашылықтар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізеді. Суармалы егістік алқаптарда зерттеу 5 жыл, ал суарылмайтын аумақтарда 7 жыл сайын жүргізіледі», - деді Е.Базылжанов.
+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат