Наурыздың 21-інен бастап, үш күн қатарынан «Equus: Жылқы тарихы» атты деректі трилогияны көрермен назарына ұсынылады.

Фильм адамзат қоғамының жалпы дамуына жылқының қосқан үлесі мен Қазақстан аумағындағы ежелгі мәдениеттердің кезеңдері туралы болмақ.

«Наурыз біздің ұлттық мерекеміз ғана емес, беріде тұтас түркі әріде парсы жұрты да кеңінен атап өтетін ұлық мейрам. Сондықтан осы жолы Qazaqstan ұлттық телеарнасы халықаралық телекөпір ұйымдастырып отыр. наурыздың 22-сі күні түс әлетінде ұлттық арна Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан секілді бауырлас мемлекеттермен телекөпір арқылы байланыс орнатады. Мақсат бұл мерекені өзге халықтардың қалай атап өтетітін көрсету және біздің телеарнаның өзге жұрттардағы әріптестермізбен ынтымағын нықтай түсу»,- деді «QAZAQSTAN» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов.

Сонымен қатар осы мереке күндері «Күнен туған бала...», «Амал айшықтары» секілді деректі сипаттағы арнайы жобалар үш күн қатарынан эфирге шығады. Бұл жобаларда күн мен түн теңескен сәттің табиғатқа әсері, еліміздің батыс өңірінде салтқа айналған «Амал мерекесінің» түп-төркіні туралы жүйелі баяндалып, бірқатар маңызды ақпараттар ұсынылмақ.

«Тағы бір ерекше айта кететін ақпарат – биыл біз «Наурыз-думан» атты арнайы жоба жоспарлап, эфирге әзірледік. Ұзын-ырғасы 2,30 сағатқа созылатын жаңа жоба Наурыз мерекесіне орай көрермендерге ұсынатын үлкен тартуымыз. Мерекелік концертіміз бірнеше сюжет желісімен өріліп отырмақ. Уытты әзіл, тамаша ән ұсынамыз. Қазақ өнерінің жарық жұлдыздары сол кеште өнер көрсетеді. Бұл өз жаңа-жылымызды ұлықтаудың бір көрінісі деп кесіп айта аламыз», - деді Еркін Мұхамеджанов.