«Даму» Қоры «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында субсидиялау және кепілдік беру атты мемлекеттік 2 қызметті ұсынады.

«Бұл екеуі мемлекеттік қызметтер реестріне енгізілгендіктен, оларға eGov элктронды үкімет порталы арқылы ғана қол жеткізуге болады. Электронды үкімет пен Қор тарапынан аталған қызметтерді автоматтандырып, egov-ға орналастыру бойынша жұмыстар атқарылды. Кепілдік беру қызметі автоматтандырылып, egov-қа 2016 жылы енгізілсе, субсидиялау 2018 жылдың соңында енді», - деді «Даму» Қоры АҚ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.

Қор көрсететін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен оңтайландыру кәсіпкерлердің өтінімінің шешімі барысын жариялы етіп, қызмет алу мүмкіндігін арттырып, уақытты, шығынды азайтып, қағазбастылықты жойды.

Сонымен қатар, жалғыз акционер - «Байтерек» холдингінің қызмет көрсететін «Digital Baiterek» атты цифрлық алаңында Қордың қызметі де орналастырылған. Ол бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында кепілдік алуға болады.

2019 жылы Қор «Digital Damu» атты өз цифрлық алаңын құрмақ. Аталған цифрлық алаң шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет алуға мүмкіндік береді. Бұл алаң екінші деңгейлі банктер және мемлекеттік мәліметтер қорымен біріктіріледі. Сөйтіп, Қор көрсететін мемлекеттік қызметті алу процесі жылдамдайды.