Арыс қаласында болған жарылыс салдарынан жарақат алған баланың жайғдайына қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пікір білдірді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қалалық Балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде 7 жастағы бала жатыр. Оның диагнозы- өте ауыр ми жарақаты. Ол жарылыстың бірінші күні Арыс қаласында көліктің астына түсіп жарақат алған. Өкінішке орай, жағдай өте ауыр. Қажетті медициналық ем көрсетіліп жатыр. Бірінші күні-ақ Шымкент қаласында операция жасалды», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі.

Содан кейін науқастың жағдайы ауыр болған соң, Нұр-Сұлтан қаласындағы ең жоғары деңгейдегі Балалар ауруханасына жеткізілгенін айтты.

«Бірінші күннен өзімнің бақылауымда. Барлық қажетті мамандар күнделікті бақылап, консилиум жасап, маған ақпарат беріп тұрады. Қолымыздағы бүкіл шараларды істеп жатырмыз. Құдай қаласа, жағдайы қалыпқа келеді деп сенеміз», - деді Елжан Біртанов.