Egov порталындағы медициналық жазбаларды ұсыну қызметі ұлттық Электрондық денсаулық паспортының Бета-нұсқасы болып табылады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында цифрландыру жұмыстарының бірі - халықтың электрондық денсаулық паспортының пилоттық режимде ресми іске қосылуы екенін мәлімдеді.

«Қазір паспорттар қол жетімді. Кез келген қазақстандық Egov kz сайтына кіріп, өзінің медицианылқ жазбаларын көре алады. Сіз қай медициналық мекемеден қаралғаныңызды, бүгінге дейін қандай рецепттер тегін берілгенін, яғни тегін медициналық көмектің кепілдік көлемінің толық пакетін біле аласыз», - деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар, ол мұның не үшін қажет екенін түсіндірді.

«Біз көптеген жылдар бойы дәрілерді есепке алудың, ауруханаларда қағазсыз жұмыс жүргізуге арналған әртүрлі ақпараттық жүйелерді жасап келеміз. Бұл мәліметтердің барлығы жеке ақпараттық жүйелерде, бөлек серверлерде жинақталған. Біздің міндетіміз - әрбір азамат осы жазбаларды өзі көріп, бақылап отыруы үшін оларға қолжетімді ету», - деді спикер.

Жаңа жылдан бастап электронды паспорттар онлайн режимде жаңартылатынын да айтып өтті.

Сондай-ақ, министр аталған жобаның маңызын түсіндірді.

«Біріншіден, бұл біздің медицинамыздың ашықтығын, мемлекет көтеретін шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Ал электронды төлқұжат ауруханалар мен емханаларда сақталатын құжаттамалардан құрылған», - деді Елжан Біртанов .