Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бірінші орынбасары Дархан Қалетаев ОКҚ командасына жаңа директорды таныстырды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінің директоры қызметіне саясаттанушы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қалиев Талғат Бегімұлы тағайындалды

«Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Нұр-Сұлтан қаласында Президент жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қалиев Талғат Бегімұлы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры болып тағайындалды», - деді ол.

Дархан Қалетаев Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа Орталық коммуникациялар қызметінің Министрліктің басшылығымен қызмет атқарған кезеңі үшін алғысын білдірді.

«Сапалы жұмыстар атқарылды. Көз алдымызда жақсы қырына өзгерді. Сондықтан, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне үлкен рахмет. Менің ойымша, ОКҚ сіздің сенімді серіктесіңіз болып қала береді», - деді ҚР Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ОКҚ қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Мен барлық қызметкерлерге тағы да алғыс айтқым келеді. Шындығында, біз үлкен жұмыс жасадық. Жақсы техникалық жаңартулар жасалды. ОКҚ командасына сәттілік тілеймін», - деді Д. Абаев.