Жеке тұлғалардың салықтары бойынша өсімпұлдарды есептен шығару негізгі борышты толық төлеу кезінде жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлімдеді.

«Ағымдағы жылдың басынан бастап жеке тұлғаларға салық рақымшылық жасау үшін үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, деректер базасын уәкілетті органдармен салыстырып тексеру, сондай-ақ салық төлеушілердің дербес шоттарын өзектендіру мақсатында есептеулердің толықтығы мен дұрыстығы мәніне дербес шоттарды түгендеу жүргізілді», - деді Жайдар Іңкәрбаев.

Айтуынша, өсімпұлды есептен шығарудың жалғыз шарты жеке тұлғаның салықтар бойынша негізгі борышты төлеуі болып табылады.

«Салық төлеушілерге бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кіріс органдары күн сайын жеке тұлғалардың дербес шоттарының жай-күйіне мониторинг жүргізеді және 3 жұмыс күні ішінде негізгі борышты төлеген кезде өсімпұлды есептен шығару туралы тиісті шешім шығарылады», - ол.

Сонымен қатар, егер салық төлеуші ағымдағы жыл ішінде өткен жыл үшін негізгі борыш пен салықтар бойынша өсімпұлды төлеуді жүргізген жағдайда, өсімпұл сомасы қайтаруға жатады. Ол үшін мемлекеттік кіріс органдарына өтініш беру қажет.