Cұхбат

Б. Ғалымжанов: «Бас бостандығынан айырылған жерде сотталушы «нағыз қылмыскер» атанған жағдайлар да кездескен»

21 ақпан 2017

Заңның салтанаты қылмысты ашып қана қоймай, қылмыс жасағандарға әділ жаза қолдану болып табылады. Әлем елдеріндегі озық тәжірибелер көрсеткендей, қылмыскерді оқшаулаудың нәтижесінде қылмыскер қайта тәрбиеленбейтінін және керісінше қылмыскерді «қылмыс әлеміне» қайта итермелейтінін көрсетті. Осыған байланысты бірқатар дамушы елдер қылмыскерді жазалаудың баламалы түрін қолдануда. Әлемнің озық тәжірибесінің тиімділігі мен пенитенциарлық жүйені реформалаудың қазақстандық жолдары жайында ortcom.kz порталына Қазақстандық заңгерлер одағының мүшесі Бақтияр Ғалымжанов баяндады.

Қазақстан егемендік алғалы пенитенциарлық жүйені ізгілендіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Осының нәтижесінде қандай жетістіктерге қол жеткіздік? Және тағы қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?

Әрине, аталған жүйе әлі де жетілдіруді қажет етеді, дегенмен, қазіргі уақытта мемлекет пенитенциарлық жүйені жақсартуда біршама жұмыстарды атқарды.2016 жылы 30 желтоқсанда «Пробация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Аталған заң жобасының негізгі мақсаты — еліміздің қылмыстық саясатын әрі қарай ізгілендіру, мұны халықаралық стандарттарға жақындату, оның ішінде айыпталушыларды қайта әлеуметтендіруді жоғарылату жолы арқылы сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробацияны енгізу. Яғни, пенитенциарлық пробация — сотталғанды үкім шыққан күннен бастап қоғамға қайта бейімдеу.

Аталған заңда пробацияның жаңа екі түрі енгізілді: пенитенциарлық пробация мен постпенитенциарлық пробация. Қылмыстық-атқару жүйесінде пробация деген қызмет бар. Бұл қызмет — жазасын өтеп шыққан адамдарды жұмысқа орналастыру. Пенитенциарлық пробация – бұл қылмыстық-атқарушылық жүйесіндегі мекемеде бас бостандығынан айырылып өз жазасын алушы тұлғаларды әлеуметтендіру бойынша шаралардың жиынтығы. Мысалы, қылмыстық-атқару жүйесінде сотталушының мамандық алуы, жұмысқа бейімделуі, сонымен қатар оларды кәсіпкерлікке үйрету бағытында жұмыстар жүргізіледі.

Постпенитенциарлық пробация – бұл қылмыстық-атқарушылық жүйесіндегі мекемеден босап шыққан тұлғаларға пробациялық бақылау орнату және құқықтық-әлеуметтік көмек көрсету бойынша шаралар жиынтығы. Сотталушыларды әлеуметтендіру – қылмыстық-атқарушылық жүйесіндегі мекемеден шыққан әрбір жазасын өтеушілер екі қолға бір жұмыс табылмағандықтан қайта «қылмыс әлеміне» оралып жатады. Осыған байланысты, оларға жұмыс табуға мүмкіндік беру. Барлық дамушы елдерде бұл жүйе жетілдіріліп, сотталушыларды қоғамға бейімдеуге бағытталған шаралар жиынтығы ұдайы жаңартылып отырады.

Реформаның көпшілігі халықаралық тәжірибенің негізінде жүзеге асырылады. Қазақстан үшін қай елдің тәжірибесі тиімдірек?

Мысалы, 1984 жылдан бері Оңтүстік Кореяда пенитенциарлық мекемеден тыс жерлерде сотталушыларды оқыту жүйесі жұмыс істеп келеді. Оқыту бірқатар жеке кәсіпорындардың аумағында өтеді. Сотталушылар пенитенциарлық мекеменің бақылауынсыз күндізгі бөлімде оқиды. Бұл тәжірибе бостандыққа шыққаннан кейін сотталушылардың жұмыспен қамтылу бағытына көзделген.

1962 жылдан бері Оңтүстік Кореяда жақсы тәртібімен көзге көрінген және жаза мерзімінің жартысынан астамын өтеушілерді демалысқа жіберу жүйесі енгізілген. Өзінің жаза мерзімі ішінде сотталушыға бес демалыс уақытын ұсынады.

Бұл барлық шаралар жазасын өтеп шыққандарға көмек беруге және әлеуметтік бейімделуіне бағытталған. Голландияда үй жағдайында демалып жатқан сотталушыларға либералдық жүйе қолданылады. Басқа елдерге қарағанда сотталушылардың еңбекақысы өте жоғары. Және нәсілшілдікке, ұлтқа бөлінбейді, барлығына тең қарайды. Түрме басшысы түрмеде бос орын болмаған жағдайда жаңа сотталушыны қабылдай алмайды. Икемді түрме әкімшілігі бұрынғы сотталушыларға үй жағдайында демалыс беріп, жаңа сотталушылар үшін орын босатады және кейбір сотталушылардың жаза мерзімінен ертерек тоқтатады және босатады.

Көрнекі мысал ретінде Финляндияны алуға болады, 1975 жылы шартты түрде босатылған және жазадан босатылғандардың әлеуметтік мәселелерін шешуде көмектесуге арналған оңалту және сынау істері жөніндегі Ассоциациясы құрылды.

Бұл ұйымның қызметі мен қаржысы Әділет министрінің жеке және басшылығының бақылауында. Қызметінің мақсаты – шартты түрде босатылған және босатылған тұлғаларға жан-жақты көмек беру (психологиялық көмек көрсету, заң бойынша кеңес беру, тұрғын үймен мәселесін шешу, жұмыспен қамту мәселесін шешу).

Сондай-ақ, әлемдегі құқықтық дамушы мемлекеттер кәмелет жасқа толмағандарды және қылмысты алғаш барған тұлғаларды, орта және орташа қылмыс жасаушыларды әлеуметтендіруге аса назар аударады.

Қазақстанда жазасын өтеушілердің санын қысқартуда қай бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажет? Және жазасын өтеп шыққан тұлғаларды әлеуметтендіру жағдайлары қандай?

Жазасын өтеп шыққан тұлғаларға психологиялық көмек көрсету, жұмысқа қабылдауға, оқытуға бағытталған нақты шараларды қабылдау қажет.Сотталушылардың түпкі санасын өзгертуге негізделген тренингтерді өткізу бағыттарын күшейту қажет деп ойлаймын. Өйткені, қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеген сотталушылар бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімдей алмай, «қылмыс әлеміне» қайта оралып жатады. Бас бостандығынан айырылған жерде жазасын өтеушілер оңалу жолына түсе алмай «шыңдалып», «нағыз қылмыскер» атанған жағдайлар да кездескен.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат