Cұхбат

Олжас Беркінбаев: «Мажарстан сапары мол олжаға кенелтті»

1 наурыз 2017

Өткен жылдың желтоқсан айында «National Digital History of Kazakhstan» интернет жобасының жетекшісі Олжас Беркінбаев Мажарстанға барып қайтқан еді. Сапар барысында біршама деректер мен сұхбаттар әзірленіп, Қазақстан Республикасының осы елдегі Елшілігімен бірлесе отырып, біршама жұмыстар жасалды. Осыған орай, интернет жоба жетекшісінен сұхбат алған едік.

- Олжас, интернет жобаның жұмысы туралы әңгімелеп берсеңіз.

- «National Digital History of Kazakhstan» порталы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 100 нақты қадам ұлт жоспарының 87-қадамын жүзеге асыру негізінде құрылып отыр. Бұл порталдың мақсаты – еліміздің тарихы мен мәдениетін, тарихи орындарын кең ақпаратты заманауи үлгіде интернет кеңістікте жеткізу. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ребрендинг арқылы ашылған интернет жоба қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тың ақпараттар ұсынады. Жоба «Қазақстан тарихы», «Тұңғыш Президент», «Ұлы Дала», «Қазақстаника», «Атамұра» атты бірнеше бөлімнен тұрады. Энциклопедиялар мен аңыздарды, рухани мұралар мен географиялық деректерді де осы порталдан табуға болады. Сондай-ақ арнайы жобаларды ұйымдастыру жоспарда бар. Мысалы, «Тарихшының бір күні», «Семей полигоны-25», «Кейкі батыр» секілді жаңа жобалар ұсынылады. Бейне және аудио жазбалар беріліп, мәліметтер инфографика түрінде де безендірілген. Сосын сайттағы ақпараттар күнделікті жаңартылып, толықтырылып отырады. Портал барлық оқырманның сұранысын қанағаттандыруға бағытталған. Әсіресе, бізде оқушылар мен мұғалімдерге және студенттерге қажетті мағлұматтар өте көп. Соның айқын бір дәлелі – еліміздің түкпір-түкпірінен тарихшы мұғалімдердің хабарласып бізден кеңес сұрауы. Өзіміз де Мәскеу, Үрімші, Бішкек, Баку, Осло секілді шетел қалаларындағы қазақтармен, ғалымдармен тығыз байланыстамыз.

- Қазіргі кезде оқырмандар саны қалай?

- Біз күнделікті порталымызға қанша интернет қолданушысы кіргенін Zero.kz, Yandex Metrika, Google Analytics, Alexa, SimilarWeb санағыштары арқылы бақылап отырамыз. Интернет журналистиканың артықшылығы да осында. Мәселен, әрбір мақаланың қанша рет оқылғанын, әлеуметтік желілерде қаншалықты талқыланғанын қадағалай аласың. Ал, сапалы түрде, архивтік құжаттардың негізінде жазылған әрбір эксклюзивті мақалаларымызды оқырман қауым жақсы оқыған кезде бүкіл редакция болып қуанатынымыз жасырын емес. Сұрағыңызға орай, нақты статистикаға сүйенетін болсақ, бізді күніге 7 500-8 000 интернет қолданушысы оқып отырады. Оқырмандарымыздың географиялық ауқымы да кең. Қазақстаннан бастап, АҚШ, Бразилия секілді елдерден де бізге хат жазып жатады.

- Мажарстанға жасаған сапарыңыз жайлы баяндасаңыз?

- Иә, өткен жылдың 19-25 желтоқсан аралығында Еуропадағы қыпшақтардың отаны – Мажар еліне барып, біршама деректер жинап келдім. Ең бірінші – Кейкі батырдың бассүйегі қалпына келтірілген лаборатория жұмысымен танысып, фоторепортаж әзірледік. Антрополог Андраш Биромен сұхбаттасып, Кейкі батырдың түрі мен бітіміне қатысты тың деректер білдік. Сондай-ақ, әйгілі түрколог ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің жесірі Оңайша Мандокимен сұхбаттасып, ғалым мұрасына қатысты тың деректермен танысып, сирек кездесетін суреттерді алдым. Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінің қолдауымен Қарсақ қаласына барып, қыпшақтар музейінен фоторепортаж әзірлеп, Яс-Надькунь-Сольнок (Үлкен Қыпшақ) облысының губернаторымен бейне сұхбат жасадық. Сапарымызды Сегед қаласында жалғастырып, қыпшақтардың тұрмыс-салтына қызыққан Жаннет есімді этнограф қызбен әңгімелестік. Ең қызығы – бұл қыз ауылды жерде тұрады екен. Жеке өзі жылқы бағады. Мені таңқалдырғаны ат үстінде шауып келе жатып, садақпен минутына 28 жебені жаудыра алады.

Сегед университетінде 1998 жылдан бері қазақ тілінде сабақ беріп келе жатқан Раушангүл Заханқызымен жолығып, қазақ тілін үйреніп жатқан мажар студенттерімен кездесу өткіздік. Будапешт қаласында этнограф Дәуіт Шомфай Қарамен кездестік. Қазақ тілінен бөлек, 20-ға жуық тілді еркін меңгерген ғалыммен Қазақ хандығы, қазақтардағы бақсылық өнер туралы біраз әңгімелестік. Айта кететін жайт, Дәуіт ағамыз «Алпамыс батыр», «Ер Қосай», «Қамбат батыр» секілді қазақтың көлемді жырларын жатқа біледі және домбыра шертіп, терме айтқанда кез-келген қазақты жолда қалдырады. Ал қазақтың бас романы «Абай жолының» мажар тілінде шыққан алғашқы түпнұсқасымен де танысып, ол жайлы ақпаратты порталымызға жарияладық. Қызылорда облысындағы Байқоңыр қаласынан шыққан, бүгінде Өтвөш Лоранд университетінің профессоры, археолог Максим Моровинмен сұхбат құра алдық. Кезінде ол Тараз өңірінде қазба жұмыстарын жүргізген екен. Ал қазір ғалым Камбоджа, Словакия және Ирактағы Күрдістанда ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр. Будапешт опера театрында өнер көрсетіп жүрген Әлия Танықпаевамен жолығып, біршама уақыт сөйлесіп, таспаға түсірдік.

- Осы жұмыстың барлығы өз қолыңыздан шықты ма?

- Иә, видео, фото мен аудио жазбаны түгел қамтуға тырыстым. Мұның барлығы – конвергентті журналистика. Яғни, журналист те, оператор да өзің деген сөз. Бұл принципке біздің порталдың барлық журналистері сай келеді. Әрбіріміз камерамен жұмыс істеп, қажет болса, өңдеп жариялай береміз.

- Әрбір жұмыстың артында лайықты қызметкерлердің еңбегі тұратыны анық. Портал журналистері туралы айта кетсеңіз.

- Біздің порталдың журналистерінің елу пайызы – кәсіби тарихшылар. Менің де мамандығым – Қазақстан тарихы. Ал, шығарушы редакторларымыз да Тарих мамандығы бойынша білім алған. Қазақ және орыс тілді тілшілеріміз де тарихшы. Олардың әрбірі БАҚ саласында қызмет еткен. Журналистік тәжірибелері мол. Сондай-ақ, портал қызметкерлерінің басым көпшілігінің гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар бойынша магистр академиялық дәрежелері бар. Тағы бір артықшылығы, ұжымдағы қызметкерлердің әлеуметтік желідегі белсенділігі күшті, қалыптасқан аудиториясы бар.

Сұхбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат