Cұхбат

С. Сайынов: азаматтар мемлекеттік органдардың геномдық ақпаратты жинау мен өңдеуге байланысты заңсыз іс-әрекеттері үшін шағымдана алады

20 желтоқсан 2016

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары пленарлық отырыста «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасын және оған қатысты түзетулерді мақұлдады. Мұндай заң жобасын қабылдаудағы негізгі мақсат дактилоскопиялық және геномдық тіркеу негізінде адамның жеке басын растау мен сәйкестендірудің құқықтық негіздерін белгілеу болып табылады.

Геномдық ақпараттың қалай жиналатындығы жайлы ORTCOM.KZ порталына заң жобасын әзірлеушілердің бірі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы департаментінің басшысы Серік Сайынов айтып берді.

«Геномдық ақпаратты жинауды ішкі істер органдары Әділет министрлігінің Сот және сот-медициналық сараптама органдарының ДНҚ-зертханасының қатысуымен іске асырады. Ақпарат қылмыстың алдын алу, ашу және тергеу мақсатында, сондай-ақ оны жасаған тұлғаларды анықтау үшін қолданылады.

Азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз ету, олардың мүдделерін қорғау мақсатында, заң жобасында мемлекеттік органдардың дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты қорғауға арналған барлық құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шараларды қабылдауы міндеттелген.

Сонымен қатар, Қазақстан азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар мемлекеттік органдардың осындай ақпаратты жинауға және өңдеуге қатысты әрекетіне немесе әрекетсіздігіне сот арқылы да шағымдана алады», - деді ол.

Сондай-ақ, Серік Сайынов қазақстандық төлқұжаттарға дактилоскопиялық мәліметтердің енгізілуі шет мемлекеттердің көші-қон және шекара қызметтерінің оларға деген сенімін арттырып, біздің азаматтарымыз бен шетелдіктер үшін мемлекеттік шекарадан өту процедурасын жеңілдетуге мүмкіндік беретін болатынын да айтып өтті.

+7 (7172) 559-338

Астана қ., Қонаев көшесі 4,
13 қабат