23.05.2022 _ 17:07

Израильдің бизнес институттары Қазақстандағы алдағы конституциялық реформалар туралы бастамаларды оң қабылдады

Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израильдің Сауда палаталары федерациясының вице-президенті Зеев Лавимен, сондай-ақ Израиль экспорт және халықаралық ынтымақтастық институтының төрайымы Айелет Нахмиас Вербинмен кездесті.

Кездесулер барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қазіргі ахуалы мен әлемде орын алған геосаяси жағдайларды ескере отырып, оның даму перспективалары талқыланды.

С. Бұршақов сұхбаттастардың назарын 2022 жылғы 5 маусымда өтетін Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумға аударды. Атап айтқанда, Елші суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшу, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу, парламенттің рөлі мен мәртебесін арттыру, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту сияқты негізгі қағидаларды атап өтті.

Израильдің бизнес институттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі саяси процестерді демократияландыру жөніндегі оң реформаларын жоғары бағалап, аталған барлық жаңа өзгерістерді Қазақстан Конституциясына табысты енгізуге үміт білдірді. 

Израильдік серіктестер жақын арада қазақстандық іскер топтар мен бизнес институттардың қатысуымен перспективалы экономикалық жобаларды таныстыру үшін дөңгелек үстел өткізуге дайын екендігін білдірді.