17.01.2022 _ 11:50

Студенттер көктемгі семестрде дәстүрлі/аралас форматта оқитын болады

Студенттер үшін көктемгі семестр 24 қаңтарда офлайн режимде басталады. Бұл ретте, жоғары оқу орындары каскадтық әдісті қолдана алады, яғни студенттердің жинақталуын барынша азайту үшін оқуды бастау оқу курсына/оқу бағыттарына байланысты 24 қаңтар мен 6 ақпан аралығында кезең-кезеңімен ұйымдастырылуы мүмкін. Жоғары оқу орнының шешімі бойынша оқу процесі толығымен дәстүрлі форматта немесе аралас форматта ұйымдастырылуы мүмкін, яғни дәрістер - онлайн, ал практикалық және семинар/зертханалық сабақтар - офлайн режимде өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев мәлімдеді.

«Студенттердің практикасы да офлайн режимінде практика базаларында жүзеге асырылатын болады. СЭР талаптарын орындау үшін жоғары оқу орынның аумағына, оқу ғимараттарына, кітапханаларға және жатақханаларға кіре берісте Ashyq қосымшасын қолдану міндетті болып табылады. Студенттерден ПТР тестілеу талап етуге жол берілмейді. Маска режимі қамтамасыз етіледі. Жоғары оқу орындары басқа қаладан келетін студенттерді студенттер үйлеріне/жатақханаларына орналастыруды алдын ала қамтамасыз етеді. Бүгінде 5 мыңнан астам студент жатақханада тұрады. Коронавирустық инфекцияға қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында университеттер профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерді, студенттерді толық вакцинациялауға тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары студенттері арасында 18 жасқа толмаған және медициналық анықтамасы барларды есепке алғанда 81%-ы, профессорлық-оқытушылар құрамы арасында 94% екпе алды», - деді департамент директоры. 


Сонымен қатар, жоғары оқу орындары қашықтан оқыту элементтерін әлі де қолдануда. Сондықтан цифрлық платформалардағы контентті толтыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда университеттердің платформаларында 2,5 млн артық электронды оқулық пен 5 мыңнан астам электронды оқу бағдарлама орналастырылған, 200 мыңға жуық бейнедәріс пайдаланылуда.