17.09.2021 _ 10:20

«Astana Ballet» көркемдік жетекшісі: біз театрдың ең үздік қойылымдарын ұсынамыз

26-30 қазанда барша әлемге танымал қазақстандық «Astana Ballet» театры Біріккен Араб Әмірліктеріне гастрольмен барады. Әртістер Дубайдағы ең ірі опера сахнасында өнер көрсетеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көркемдік жетекші Нұрлан Қанетов «Махаббат туралы аңыз» спектаклінен үзінді көрсетілген роликті ұсынды. Мәнерлі қимыл-қозғалыстар, сұлулық, құмарлық... Әртістердің таланттарына бей-жай қарайтын көрермендер болмайды. Бірақ ұжым мұнымен шектелмейді.

«Гастроль аяқталғаннан кейін Джордж Баланчиннің «Фортепиано мен оркестрге арналған Каприччио» балетінің қойылымдық жұмысы үшін Баланчин қорынан педагог-репетитор келеді. Сондай-ақ, Мукарам Авахридің «Тағдыр бұлтарыстары» жаңа балетін қою бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі. Қараша айында Чехиядан педагог Станислав Фечо келеді деп күтілуде, ол әртістерімізге шеберлік сыныбын өткізеді. Желтоқсан айында Ксения Звереваның заманауи балетінің жаңа қойылымы көрсетіледі. Бұл балет жанрларының ғана емес, сондай-ақ опера, музыка, драма және сәнді біріктіретін өнер синтезі. Ал сәуір айының басында Иржи Килианның «Саяхатшы шәкірттің әндері» спектаклінің үлгілі көрсетілімі жоспарланған», - деді көркемдік жетекші. 


Айта кетейік, театрда ағымдағы репертуар да көрсетіледі. Өткен маусымның ең үздік премьералық спектакльдер - көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу», жаңа жыл қарсаңындағы дәстүрлі «Щелкунчик» көрсетілімдері және т.б.