Шет елдік фильмдердің дубляжы - мемлекеттік тілдің дамуы үшін өте маңызды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Disney фильмінің басты рөлін дубляждаушы актер Нұрлан Әлімжанов айтты.

«Дубляж жасау – күрделі іс. Өз кейіпкеріңді түсіну, оның дауысын салу және бет қимылдарын келтіру үлкен еңбекті талап етеді және оның нәтіижесі өз жемісін әкеледі. Бұл жобадағы біздің жеңісіміз – бұл балаларымыздың әлемдік деңгейдегі киностудиялардың қазақ тіліндегі сапалы контентіне қол жеткізе алатындығы. Осы тұрғыда «Болашақ» КҚ біз бен Голливуд арасында көпір болу арқылы үлкен жұмыстар жүргізуде», - деп өз ойын білдірді Нұрлан Әлімжанов.

Айта кетсек, көктемнен бастап кішкентай көрермендер назарына «Болашақ» Корпоративтік Қорымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған Disney компаниясының 5 жаңа фильмі ұсынылмақ.

«Актерлық жолында мені біздің кинотеатрларда қазақ тіліндегі фильмдердің қашан көрсетілетіндігі қызықтыратын. Және менің бұл ойыммен қазақ театры мен кинематографиясының барша актер қауымы келіседі деп ойлаймын. Бұл жобаның әлеуметтік идеясы көңіл көншітеді және аталған бастама арқылы қазақ тілін насихаттауға өз үлесімді қоса алатындығыма ризашылығымды білдіремін», - дейді ол.

Серіктестіктің аясында «Болашақ» КҚ-ның барлық дубляждалған фильмдері ТМД-дағы ең ірі онлайн кинотеатр ivi.ru сайтында қол жетімді. Сонымен қатар, дубляждалған фильмдер жаздың басында Алматы тұрғындары үшін бірнеше күн ашық аспан астында көрсетілмек.

Айта кетсек, жобаның ресми серіктесі - «Меломан» компаниясы. Бұл жоба қазақстандық демеушілік компаниялар тарапынан үнемі қолдауда. 2019 жылы барлық 5 премьераның демеушісі «BI Group» құрылыс холдингі болып табылады. Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстанда дубляж бойынша Алматыда «Cinematone» және Астанада «Арай Медиа Груп» атты екі лицензиялық студия ашылды.