– Бұл тарихи дата Сіздің халқыңыздың жалпы ұлт болып ұйысқанын және жасампаздық рухының биік екенін көрсетеді. Түрікменстанның мемлекеттілігі мен орнықтылығын одан әрі нығайтуда мұның мәні зор. Сіздің көреген басшылығыңыздың арқасында заманауи Түрікменстан бейтарап мемлекет ретінде әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және халықаралық аренадағы орнын нығайту тұрғысынан зор жетістіктерге қол жеткізді, – делінген жеделхатта.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдар ішінде қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігі көп ғасырлық достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында дамып келе жатқанын атап өтті.  

– Осынау атаулы мереке күні Сіздің аса жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін және бауырлас Түрікменстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.