– Соңғы 15 жылда еліміздің экономикасына салынған Швейцария капиталы 26 миллиард швейцар франкіне жетті. Ал Швейцарияға құйылған қазақстандық инвестицияның көлемі 775,2 миллион швейцар франкін құрады. 200-ден астам швейцариялық  кәсіпорын Қазақстанға инвестиция салып, табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Glencore, Sika, Swiss Grow, Stadler және басқа да жаһандық деңгейдегі ірі компаниялар бар. Бұл біз үшін, яғни Қазақстанға және біздің инвестиция тарту тәсілімізге деген үлкен сенімнің белгісі. Бұл бағытта қажырлы еңбек етіп келеміз. Биылғы маусым айында біздің нарықта жұмыс істейтін швейцариялық компаниялармен арнайы кездесу өткіздім. Сіздердің бәріңізбен тұрақты әрі берік ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз, – деді Президент.

 

Мемлекет басшысы Қазақстан Орталық Азия бойынша экономикасы жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі екенін атап өтті. Тәуелсіздіктің  30 жылы ішінде 370 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды. Әлемнің 180 елімен сауда-саттық жасалады.  

– Экономикамыз нығайды және мейлінше бәсекеге қабілетті әрі тартымды болды. Бүгінде біз экономиканың таза, инновациялық және әртараптандырылған моделіне бет бұрдық. Осыған орай нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Соның аясында инвесторларға кешенді қолдау көрсету  ұлттық басымдықтарымыздың бірі ретінде белгіленді. Біз жобаның басынан аяғына дейін әрбір инвесторға жеке қолдау көрсету қағидатын енгіздік. Мемлекет аса маңызды инвестициялық жобаларға 25 жылға дейін заңнамалық және қаржылық тұрақтылықты сақтауға кепілдік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент Шетелдік инвесторлар кеңесін өзі басқаратынын және Премьер-Министрдің жетекшілігімен инвестициялық омбудсмен жұмыс істейтінін жеткізді.

– Қазақстанда қызметі ағылшын құқығы базасына негізделген тәуелсіз соты бар әрі Орталық Азия аймағы бойынша жалғыз «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді. АХҚО құрылымында сот ісін қараудың жедел баламалы түрін қамтамасыз ететін Халықаралық арбитраж орталығы құрылған. Қаржылық қызмет көрсететін Орталықтың қатысушылары 2066 жылға дейін корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығынан босатылған. Шетел валютасына, визалар мен жұмыс күшіне қатысты талаптар оңтайландырылған. Біздің биржалық алаңымызда әлемнің 59 елінен 1000-нан астам компания бар, – деді Мемлекет басшысы.

 

Қазақстан Президенті швейцариялық инвесторларға елімізде экономиканың басым бағыттары бойынша 37 арнаулы экономикалық және индустриялық аймақтың құрылғанын айтты.

 

Соңғы жылдары Қазақстан күшті көлік-логистикалық база құрды және еліміздің жаһандық көлік дәлізіне қосылуын қамтамасыз етті. Еліміздің аумағы арқылы Қытай, Орталық Азия, ТМД елдері, Парсы шығанағы мен Еуропа арасын жалғайтын ондаған халықаралық көлік жолы өтеді.

– Егер конструктивті диалог орнаса және оған бизнес қосылатын болса, елдеріміз арасындағы қатынастар табысты болады деп санауға негіз бар. Бұған отыз жыл ішінде көз жеткіздік. Үкімет осындай ықпалдастық пен ынтымақтастықтың негізін қалай алады және солай жасауға тиіс. Бұған дипломатиялық және саяси құралдар, реттеу тетіктері, ынталандырулар, құқық үстемдігі қағидатын іске асыру және нақты қолдау шаралары арқылы қол жеткізуге болады. Қалған істің бәрін бизнес жасай алады және істеуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Инвестициялық дөңгелек үстел отырысы барысында Economisuisse Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі швейцариялық кәсіпорындар ассоциациясының вице-президенті Ян Аттесландер, Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің тең төрағалары:  Stadler Rail AG компаниясының бас атқарушы директоры Петер Шпулер, «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев, ABB Switzerland компаниясының бас директоры Роберт Ичнер,  Ammann Group компаниясының бас атқарушы директоры Ханс-Кристиан Шнайдер, KS Genetics компаниясының президенті Филиппо Ломбарди, Glencore жаһандық мыс-мырыш департаментінің басшысы Никола Попович, Inoks Capital компаниясының бас атқарушы директоры Набиль Абдул-Массих, Basel Euro Airport компаниясының даму жөніндегі директоры Михаэль Швин, m-3 Groupe компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Абдалла Шатила, Polymetrix AG компаниясының бас атқарушы директоры Мартин Мюллер, Clariant жаһандық әрі маңызды тұтынушылармен жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Йарле Шолд сөз сөйледі.

 

Швейцариялық кәсіпкерлердің сөзін тыңдаған Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін оларға алғыс айтты және екі елдің іскерлік топтарының өзара жемісті әрі тиімді ынтымақтастығы нығая түсетініне үміттенетінін жеткізді.

 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Stadler компаниясының «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының стратегиялық серіктесі екенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл шешім Қазақстан мен Швейцарияның өзара іс-қимылына іс жүзіндегі қосымша серпін береді.

 

Жиынға «Roche Holding», «Philip Morris International», «Caviar House & Prunier», «Swiss Choice Holding», «Bühler AG», «Economisuisse», «Swissgrow» және басқа да компаниялардың басшылары қатысты.