«Сенаторлар Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін түсіндіру үшін азаматтармен кездесуде құралдар мен алаңдардың бәрін пайдалануы тиіс. Депутаттар өткен аптада өңірлерге шығып, бірқатар кездесулер өткізді. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Негізгі Заңға енгізілген өзгерістер еліміздің әрбір азаматына қатысты. Сондықтан халықпен кездесулерде жүргізіліп жатқан реформалар мен Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістер туралы қарапайым әрі түсінікті тілде айту, сондай-ақ бей-берекеттік пен бір сарындылыққа салынбай мазмұнды әрі ақпараттық кездесулер өткізу маңызды», - деді Мәулен Әшімбаев.

Отырысқа қатысушылар Палатаның 2022 жылғы 19 мамырға жоспарланған отырысының күн тәртібін бекітті.

Депутаттар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» және «1992 жылғы 13 наурыздағы Салық саясатының келісілген принциптері туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер үкіметтері арасындағы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобаларын қарауды жоспарлап отыр.

Бюро мүшелері Мәжіліс бұрын мақұлдаған заң жобаларымен одан әрі жұмысты жалғастыру үшін Сенаттың тұрақты комитеттері арасында бөліп берді.