Отырысқа цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ал бейнеконференция байланысы режимінде облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің аппарат басшылары және аумақтық референдум комиссияларының мүшелері қатысты.

Отырыс барысында күн тәртібі бойынша үш мәселе қаралды:

1. Жергілікті атқарушы органдардың дауыс беруге арналған учаскелерді материалдық-техникалық жарақтандыру, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету жөнінде жағдайлар жасау, референдум комиссиясына республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін беру жөнінде жүргізген жұмыстары туралы;

2. 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдердің санын белгілеу туралы;

3. 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдумда дауыс беру және оның қорытындыларын шығару тәртібі туралы.

Отырыстың бірінші мәселесі бойынша облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің аппарат басшыларының ақпараттары тыңдалды. Олар дауыс беруге арналған учаскелерді материалдық-техникалық жарақтандыру, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жағдайлар жасау жөнінде жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.

ОРК Төрағасы Нұрлан Әбдіров ел аумағында республикалық референдумда барлығы дауыс беруге арналған 10 013 учаске жұмыс істейтінін атап өтті.

Сондай-ақ, бірінші мәселені қарау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыреті аясындағы дауыс беру күнін ұйымдастыру жөніндегі барлық мәселелер міндетті түрде шешілуі қажеттігін және ерекше бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.

ОРК Төрағасы ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аудара отырып, «Инватакси ұйымдастыру, қажет болған жағдайда сурдоаудармашыларды тарту мәселелерін, мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлы болу үшін басқа да барлық шараларды тағы да пысықтап алу қажет» - деп атап өтті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман сөз сөйледі.

Баяндамашы өз сөзінде «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындау тәртібін Орталық референдум комиссиясы айқындайтынын хабарлады.

Конституциялық заңның нормаларына сүйене отырып, Орталық референдум комиссиясының «2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдердің санын белгілеу туралы» қаулысы қабылданды.

Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері референдум комиссиясына ұсынылып, тиісті әкімнің қолы қойылды.

Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің, республика бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілдері ұсынған мәліметтер мен есептерге сәйкес тізімдерге 11 722 536 азамат енгізілді.

«2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындаудың кейбір мәселелері туралы» Орталық референдум комиссиясының 2022 жылғы 6 мамырдағы № 33/488 қаулысымен дауыс беруге арналған бюллетеньдер бір пайыз резервпен референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізілген санға тең мөлшерде дайындалады деп белгіленген. Демек, 11 839 761 бірлік көлемінде дауыс беруге арналған бюллетеньдер шығарылуы тиіс.

Белгіленген мөлшерде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындау және референдум учаскелеріне заңнамада көзделген мерзімде жеткізу облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен республика елордасының референдум комиссияларына тапсырылады.

Аумақтық референдум комиссиялары бюллетеньдерді референдум учаскелеріне жеткізу үшін белгіленген мөлшерде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындауды 2022 жылғы 28 мамырға дейін қамтамасыз етуге тиіс.

Күн тәртібінің үшінші мәселесі бойынша Орталық референдум комиссиясы Төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады.

Константин Петров 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдумда дауыс беру және қорытынды шығару тәртібі туралы егжей-тегжейлі баяндады.

«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 29-бабында референдумда дауыс беруді өткізудің уақыты, орны, ұйымдастырылуы мен тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген ережелерге сәйкес айқындалады деп белгіленген.

Дауыс беру уақыты. 2022 жылғы 5 маусымда дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат жетіден бастап кешкі сағат жиырмаға дейін өткізіледі. Учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтарды дауыс беру өткізілетін күнге дейін он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етеді.

Қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдерінің қатысуы. Дауыс беру күні - дауыс беруге арналған учаске ашылған кезден бастап референдум учаскесінде дауыстарды санау нәтижелері анықталғанға дейін Республиканың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері мен шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысуға құқылы.

Бұқаралық ақпарат құралдары референдумға әзірлік пен оны өткізу барысын жария етеді; олардың референдум комиссиялары жанында аккредиттелген өкілдерінің референдум өткізуге байланысты іс-шараларға қатысуына кепілдік беріледі.

«Республикалық референдум өткізу кезінде Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктері өкілдерінің, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушылардың өкілеттіктерін куәландыру қағидаларын бекіту туралы» Орталық референдум комиссиясы қаулысының жобасы белгіленген тәртіппен ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылған.

Ережеде республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беру үшін учаскеге өкілдерді жіберетін қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында тіркелуі тиіс деп көзделген.

Республикалық референдум өткізу кезінде қоғамдық бірлестіктің өкілі Қазақстан Республикасының азаматы ғана бола алады.

Қоғамдық бірлестік өкілінің өкілеттігі оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіле отырып, жазбаша нысанда расталады. Бұл құжат өкілді жіберген қоғамдық бірлестіктің мөрімен расталады.

Өкілеттіктер туралы құжат учаскелік референдум комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға қоғамдық бірлестік өкілінің жеке басын куәландыратын құжатпен бірге ол туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы тіркеу үшін ұсынылады.

Бір қоғамдық бірлестіктен дауыс беруге арналған учаскеде бір мезгілде бір өкіл бола алады.

Дауыс беруге арналған үй-жай. Дауыс беру арнайы бөлінген үй-жайларда өткізілуі тиіс. Республиканың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдеріне, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларына, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен комиссия мүшелеріне жәшіктерді, жасырын дауыс беруге арналған кабиналарға кіруді және шығуды бақылауға тиісті мүмкіндіктер қамтамасыз етілуге тиіс.

Дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз кіруі және онда дауыс беруі үшін жағдайлар қамтамасыз етілуі қажет.

Дауыс беруді ұйымдастыру. Әрбір азамат жеке дауыс береді. Дауыс беру құқығын беруге, сондай-ақ басқа адамдар үшін дауыс беруге жол берілмейді. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер азаматтарға референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері негізінде, жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткеннен кейін берілуге тиіс.

Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді ұйымдастыру. Жекелеген азаматтар денсаулық жағдайына, отбасының науқас мүшесіне күтім жасауына байланысты дауыс беру үшін келе алмаған жағдайда, учаскелік референдум комиссиясы олардың жазбаша өтініші бойынша дауыс беру күні жергілікті уақытпен сағат он екіден кешіктірмей беруге болады, осы азаматтардың тұратын жерінде дауыс беруді ұйымдастыруы керек.

Есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беру туралы. Азамат өзінің болу орнын ауыстырған кезде 2022 жылғы 20 мамырдан бастап 4 маусым жергілікті уақыт бойынша сағат 18-ге дейінгі кезеңде азамат өз референдум учаскесінде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуға құқылы.

Бұл ретте референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне тиісті белгі қойылады.

Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегіндегі басқа учаскеде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді.

Дауыс беруді өткізу. Дауыс беру кезінде азамат өзі дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгі қояды. Бюллетеньге қарындашпен белгі қоюға, сондай-ақ оған қандай да бір түзетулер енгізуге жол берілмейді. Толтырылған бюллетень дауыс беруге арналған жәшікке салынады.

Егер осы учаскеде Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен дауыс беру уақыты өзгертілмесе, дауыстарды санау жергілікті уақыт бойынша сағат жиырмада басталады. Сайлау учаскесінде дауыстарды санау уақыты санау басталғаннан бастап он екі сағаттан аспауға тиіс.

Дауыстарды санау нәтижелерін комиссия қарайды және комиссия төрағасы мен мүшелері қол қоятын хаттамаларға енгізіледі. Хаттаманың көшірмесі референдум учаскесінің үй-жайында жалпы жұрттың танысуы үшін арнайы белгіленген орынға дереу ілінеді және үй-жайда екі күн бойы тұрады. Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезінде қатысқан адамның қалауы бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрімен куәландырылған хаттаманың көшірмесі беріледі.

Дауыс беру қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылады, хаттамамен ресімделеді. Егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі. Егер дауыс беру нәтижесінде референдумға қойылған мәселе бойынша оның оң шешімін жақтап дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе, ол жөнінде шешім қабылданды деп есептеледі.

Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

Сондай-ақ, үшінші мәселе шеңберінде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов «Азаматтардың «Электрондық үкімет» порталында тіркелген жері бойынша мәліметтерді тексерудің онлайн-сервисін іске асыру туралы» баяндама жасады.

Орталық референдум комиссиясы мен Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі белгіленген тәртіппен азаматтардың «Электрондық үкімет» порталында тіркелген жері бойынша мәліметтерді референдум учаскесінде тексерудің онлайн-сервисін іске асыру жөнінде бірлескен құжат дайындады.

Сервисті учаскелік референдум комиссияларының мүшелері азаматтар өтініш жасаған кезде, олар жергілікті атқарушы органдар ұсынған республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізілмеген жағдайда пайдаланады.

Референдум учаскесінің шекараларында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген азамат өзін республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімінде таппаған жағдайда, өзінің дербес деректерін пайдалану туралы келісімін көрсете отырып, тізімге енгізу туралы жазбаша өтінішпен учаскелік комиссияға жүгінуге құқылы.

Онлайн-сервис парағында өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша референдумның тиісті учаскесінің шекарасындағы аумақта тұрақты тіркелгені туралы мәліметтер расталған кезде учаскелік комиссия оны республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды.

Отырыс қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров азаматтарды дауыс беру уақыты мен орны туралы кеңінен хабардар ету жөнінде жұмыс жүргізу қажеттігін алға тартты.

«Бұл дәстүрлі түрде қолданылып отырған «дауыс беруге шақыру қағаздары» сияқты тәсілдерден бастап, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің заманауи гаджеттері мен SMS-хабарламаларын пайдалануға дейінгі ақпараттандырудың әртүрлі, ыңғайлы әрі тиімді тәсілдері болуы тиіс» - деп атап өтті.

Нұрлан Әбдіров алдағы республикалық референдумға қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, БАҚ өкілдерінің, шет мемлекеттерден байқаушылардың қатысу мәселелеріне, сондай-ақ учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін дауыс беру күні алдында оқытуға, оның ішінде азаматтардың «электрондық үкімет» порталында тіркелген жері бойынша мәліметтерді тексеру онлайн-сервисінің жұмысы бойынша оқытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, Орталық референдум комиссиясының басшысы отырысқа қатысушыларды референдумға дайындық және оны өткізу мәселелері бойынша ОРК мүшелерінің өңірлерге инспекциялық сапарлары жоспарланып отырғаны туралы хабардар етті. Атап айтқанда, халықты ақпараттандыру, учаскелердің дауыс беру күніне дайындығы және азаматтардың дауыс беруі үшін, оның ішінде дауыс беру кезінде мүгедектігі бар және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қажетті жағдайлар жасау мәселелері қаралатын болады.

Отырыстың соңында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған дәстүрлі брифинг өтті.