«Nur Otan» партиясының жастар қанаты еліміздің 17 өңірінде 106 мың қазақстандықтың басын біріктіріп отыр. 534 үлкен-кіші филиал жұмыс істейді. Белсенділер волонтерлік қызметке және педагогтардың мәртебесіне қатысты арнайы заң жобаларын қабылдауға өз үлестерін қосты.

«Пандемия кезінде жасотандықтар халықпен бірге екенін көрсетті. Гуманитарлық көмек көрсете отырып, бүкіл ел бойынша 5 мыңнан астам волонтер жұмылдырылды. 300 мыңнан астам мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттері мен гигиеналық жабдықтар, 5 млн медициналық маска мен 3 мың жалғызбасты қарияға ыстық тамақ таратылды. 7 мыңнан астам дәрігерге алғыс айтты. Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 500 ерікті көмек қолын созды. Бұл еңбекті партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев лайықты бағалады. Ол 3 мың алғыс хатқа қол қойды», - деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сараптамалық брифингте «Jas Otan» ЖҚ төрағасы Елнұр Бейсенбаев.

Ал алдағы уақытта жасотандықтар Саяси менеджмент мектебімен бірлесіп «Sana» жобасын қолға алады. Тұлғалық даму мектебінде онлайн-оқыту жұмыстары 17 қыркүйекте басталады. Қатысушылар «Шешендік өнер», «Эмоциялық интеллект және көшбасшылық», «Интернет-маркетинг» секілді үш модуль бойынша тегін білім алады. 12 шеберлік дәрісі мен сторителлинг қорытындысы бойынша сертификаттар табысталып, өсуге жаңа мүмкіндіктер ашылады.