Top.Mail.Ru

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин инфекциялық аурулар бойынша әлемдегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтып, халыққа шетелге шығуды жоспарлау тұрғысында ұсыныстар берді.

Бекшиннің айтуынша, соңғы екі жылда Қазақстанда Тайланд, Үндістан, Сингапур және Вьетнамнан әкелінген Денге қызбасының 9 жағдайы және тырысқақтың 10 жағдайы тіркелген (негізінен Үндістаннан).

Осылайша, Қазақстанға инфекциялардың сырттан әкеліну қаупі үнемі бар.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының аумағына аса қауіпті инфекциялардың әкелінуі мен таралуына жол бермеу мақсатында Комитет бірқатар іс-шаралар өткізуде.

Мемлекеттік шекара арқылы санитарлық-карантиндік өткізу пункттерінде, Республиканың халықаралық әуежайларында келетін байланыссыз термометрияға бақылау жүргізіледі, әуе және теңіз кемелерінің бортсеріктеріне, жолаушылар көлігінің жолсеріктеріне, жолаушылар мен туристерге жаднамалар әзірленді, Қазақстан азаматтарының жұқпалы аурулар бойынша қолайсыз елдерге шығуын ұйымдастыратын туристік фирмалар арасында үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұдан басқа, Ұлттық сараптама орталығының сынақ зертханаларының диагностикалық зерттеулер жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілді. Халық арасында жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша санитарлық-ағарту жұмыстары ұйымдастырылды (брошюралар, буклеттер, бейнероликтер, БАҚ, әлеуметтік желілерді тарту арқылы дәрістер).

«Бүгінгі таңда қазақстандық туристердің шетелге шығу сапарлары кеңейді, яғни біздің туристер бізге таныс елдерге ғана емес, экзотикалық елдерге де барады. Бұл Африка, Орталық және Оңтүстік Америка, Бразилия, Доминикан Республикасы, Мальдив. Осының бәрі бірден, ал кейбіреулері бірнеше айдан кейін пайда болуы мүмкін аса қауіпті және экзотикалық аурулардың әкелінуі мен таралу қаупін арттырады», – деп атап өтті Ж. Бекшин.

Еліміздің бас санитарлық дәрігері хабарлағандай, Қазақстанда оба, туляремия сияқты аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары бар. 4 оңтүстік өңірде (Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы) Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы және бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары бар.

Қазақстанның барлық облыстарының аумағында күйдіргі, кене энцефалиті, құтыру және басқа да табиғи-ошақтық инфекциялар бойынша стационарлық қолайсыз пункттер бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша әлемде аса қауіпті және жаңадан пайда болатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай бүгінгі күні шиеленіскен күйінде қалып отыр.

Мәселен, өткен жылы әлемде обаның жүздеген оқиғасы, 300 мыңнан астам тырысқақ оқиғасы (900-ге жуық өлім жағдайымен), 200-ден астам күйдіргі, 500-ге жуық Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (40-қа жуық өлім жағдайымен), 200-ден астам сары қызба (40% өлім жағдайымен) және 300 мыңға жуық Денге қызбасы (400-ге дейін өлім жағдайымен) тіркелді.

Тек 2019 жылдың қаңтарынан бастап әлемде 407 мың тырысқақ (745 өлім жағдайымен), 79 күйдіргі (7 өлім жағдайымен), 28 Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (5 өлім жағдайымен), 65 сары қызба (12 өлім жағдайымен), 1011 Эбола қызбасы (790 өлім жағдайымен), 174 мыңнан астам Денге қызбасы (482 өлім жағдайымен) тіркелді. Тайландта 30 мың Денге қызбасы тіркелді, оның 90-ы өлім жағдайымен аяқталған.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, шетелге демалуға шығатын туристерге Комитет сайтында орналастырылған жадынамада көрсетілген барлық ұсыныстарды ескеру ұсынылады.

Барлық брифингтер туралы білгіңіз келеді ме?
Бізге жазылыңыз канал в Telegram!