Кәсіпқой боксшы Жаңқош Тұраров Орталық коммуникациялар қызметінде үзілістен кейінгі жоспарларымен, жаңалықтарымен бөлісті.

«Бір жарым жыл уақыт боксқа шықпадым. Десе де, жаттығуды үзген жоқпын. Өз бабымдамын. Бокс маған жат емес. Өмірімді осы спортқа арнадым десем де болады. 13 жастан спортты бастағанмын. Бір жарым жыл деген маған ештеңе емес. Алла қаласа, әлемдік белдіктерді аламыз деген ойымыз бар. 6 шілдедегі елордадағы жекпе-жекке дейін Англияда рейтингтік кездесу өткіземін. Дайындық өте тамаша. Бәріне дайынбыз», - деді Жаңқош Тұраров.

Боксшы өз сөзінде боксқа келгеннен бастап әлем чемпионы болу мақсатынан қайтпағанын атап өтті.

«Сәтін салса, МТК Қазақстан менеджерлік компаниясымен жақын уақытта келісімге келдік. Мен үшін өте үлкен қуанышты жаңалық. Әлем чемпионы болуға тағы бір қадам жақындадым», - деді ол.

Айта кетсек, 6 шілде күні Нұр-Сұлтанда кәсіпқой бокс кеші өтеді. Онда Сұлтан Зауырбек, Виктор Коточигов, Али Балоев, Әбілқайыр Шегалиев, Нұртас Әжбенов және Абай Төлеш секілді боксшылар өнер көрсетеді.