«Студенттердің практикасы да офлайн режимінде практика базаларында жүзеге асырылатын болады. СЭР талаптарын орындау үшін жоғары оқу орынның аумағына, оқу ғимараттарына, кітапханаларға және жатақханаларға кіре берісте Ashyq қосымшасын қолдану міндетті болып табылады. Студенттерден ПТР тестілеу талап етуге жол берілмейді. Маска режимі қамтамасыз етіледі. Жоғары оқу орындары басқа қаладан келетін студенттерді студенттер үйлеріне/жатақханаларына орналастыруды алдын ала қамтамасыз етеді. Бүгінде 5 мыңнан астам студент жатақханада тұрады. Коронавирустық инфекцияға қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында университеттер профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерді, студенттерді толық вакцинациялауға тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары студенттері арасында 18 жасқа толмаған және медициналық анықтамасы барларды есепке алғанда 81%-ы, профессорлық-оқытушылар құрамы арасында 94% екпе алды», - деді департамент директоры. 


Сонымен қатар, жоғары оқу орындары қашықтан оқыту элементтерін әлі де қолдануда. Сондықтан цифрлық платформалардағы контентті толтыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда университеттердің платформаларында 2,5 млн артық электронды оқулық пен 5 мыңнан астам электронды оқу бағдарлама орналастырылған, 200 мыңға жуық бейнедәріс пайдаланылуда.