Әр түрлі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде 2020 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1 млн 220 мың қазақстандықты қамту жоспарлануда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Еңбекмині басшысы биылғы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша экономикада жұмыс істейтін азаматтардың саны 8,8 млн адамды, жұмыссыздық деңгейі – 4,8% құрағанын атап өтті. Сонымен қатар, ол ағымдағы жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарланғанын атап өтті.

«Азаматтардың басым бөлігі «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында – 600 мың адам, жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша – 255 мың адам, басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша – 364 мың адам қамтылатын болады», – деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.