2016 жылдан бастап әлеуметтік жобаларды гранттық қаржыландыру 9 еседен астам өсті (208 млн.теңгеден 1,9 млрд. теңгеге дейін). Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті.

Ведомство басшысының мәліметінше, 2020 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мемлекеттік органдар жалпы (шоғырландырылған) 18 млрд.теңгеге 2 мыңнан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

ҮЕҰ белсенді қатысуымен ҚР азаматтық қоғамды 2025 жылға дейін дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Ол еріктілікті, қайырымдылықты, медиацияны, жергілікті өзін-өзі басқаруды, Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және Азаматтық бақылау тетіктерін дамыту бөлігінде нормативтік базаны өзгертуді көздейді.