Бокс кеші Нұр-Сұлтан қаласында Астана күні мерекесіне орай бокс әлеміндегі тарихи оқиғаның куәсі болатын 12 000 көрерменге арналған «Барыс аренада» өтеді.

Боксқа қайтып оралған Тұраровтың қатысуымен өтетін жекпе жек тарихи Бокс кешінің басты жекпе-жегі болмақ. Сонымен қатар, оның шеңберінде чемпион атағы үшін жекпе-жек те болады.

«1 жарым жылдай үзілісте болдым. Бірақ жаттығуымды үзген жоқпын. Өзімнің ең алғашқы жаттықтырушым Сағатбек Мұсаханов ағама келіп, қазір дайындалып жатырмыз. Өткенде Лондонда кездесу өткіздім. Жақсы қалыпқа келдім десем болады. Қазіргі уақытта өзімді жақсы сезініп жүрмін. Жақсы мүмкіндік болғалы тұр. Намысты қолдан бермеймін. Елдің туын тағы жоғары көтеремін деген ойдамын», - деді кәсіби боксшы Жанқош Тұраров Орталық коммуникациялар қызметінде.

Тұраровпен бірге жеңіл салмақта WBC бойынша әлем чемпионы титулын және тиісінше орташа салмақта WBO бойынша Еуропа чемпионы титулын қорғайтын Нордин Оубаали және Дэвид Оливер Джойс сияқты халықаралық жұлдыздар да өз жекпе-жектерін өткізеді.

Сонымен қатар, Сұлтан Заурбек, Виктор Коточигов, Али Балоев, Әбілхаир Шегалиев, Нұртас Әжбенов және Абай Төлеш қатысады.

Әлемдегі ең ірі спорттан хабар таратушы ESPN бұл оқиғаны АҚШ-тағы, Канададағы және Пуэрто-Рико 100 миллионнан астам жазылушысына трансляция жасайды, сондай-ақ iFL TV бұл оқиғаның қалған әлемдегі көрермендерге көрсетілімін қамтамасыз ету үшін трансляция жүргізетін болады.