Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дауешов айтты. Айтыс өнерінің көркемдік деңгейін көтеру мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2010 жылдан бастап жыл сайын Республикалық айтыс өткізіп келеді.

Соңғы жылдары желтоқсанда өтетін айтыс «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Алтын домбыра» атауымен жүзеге асырылуда. Бұл айтысқа жыл бойы өңірде өткен айтыстарда жеңімпаз атанған айтыскерлер қатысып келеді. 2012 жылы Мәдениет және спорт министрлігі қымбат бағалы металлдан жасалған зергерлік өнер туындысы және Республикалық ақындар айтысының жеңімпазына арналған мемлекеттің құнды мүлкі есептелетін «Алтын домбыраны» жасатты.

«2012 жылғы 7 желтоқсанда Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының алғашқы құрылтайы өтіп, ол Республикалық қоғамдық бірлестік ретінде құрылды. Бұл ұйымның мақсаты – бұған дейін жеке шығармашылық адам ретінде өмір сүріп келген айтыскерлер мен жыршы-термешілерді бір ұйымға біріктіру, айтысты бір орталықтан үйлестіру. Құрылтайға республиканың барлық аймақтарынан айтыскерлер мен жыршы-термешілер қатысты. Сонымен қатар, айтыс өнеріне арналған www.kazaitys.kz сайты жұмысын бастады»,- деді вице-министр.

Биыл Мәдениет және спорт министрлігі ақпан және желтоқсан айында екі айтыс өткізуді жоспарлап отыр. Ақпанның сегізінде Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орайластырылып өткізілгелі отырған айтысқа 16 ақын, яғни сегіз жұп қатысады. Айтыскер ақындар Жыршы-термешілер мен айтыскер одағының ұсынуы бойынша жыр сайысына түспек.

Айтысқа ақын, ҚР Мемлекет сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы, журналист, Филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабек, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Мереке Құлкенов, айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова, белгілі қаламгер Ғалым Жайлыбай, айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мұхамеджан Тазабеков, айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері Аманжол Әлтаевтар қазылық жасайды.