Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің дамуымен таныстырды.

2019 жылдың 9 айында Атырау облысындағы жалпы аймақтық өнім 4 трлн. 233 млрд. теңгені құрады. Республиканың жалпы ішкі өнім көлеміндегі Атырау облысының үлес салмағы – 27,4 %. Өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 21 трлн 409 млрд теңгені құрады деген облыс әкімі кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында облыста 3889 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 35 жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Сонымен қатар, ауылшаруашылығы саласындағы нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкесті мерзімімен салыстырғанда 101,7 % немесе 57 млрд. 674,5 млн. тенгені көрсеткен.

"Денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық базаны жақсарту, дәрігерлер жетіспеушілігін төмендету бойынша ілкімді істер атқарылуда. Өткен жылы облысқа әртүрлі бағыттағы 160 дәрігер келді. 2019 жылы қосымша 130 дәрігер шақыртылды. Бүгінгі таңда кадр жетіспеушілігі 30 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік-жекелік серіктестік аясында Атырауда 8 жоба жүзеге асырылып жатыр, тағы 31 жоба жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Алға қарай 39 жобаны жүзге асыру жоспарланып отыр", - деді Нұрлан Ноғаев.

Атыраудағы жалғызбасты және көпбалалы аналарды қолдау мақсатында «Іскер ана» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында қатысушылар 10 мамандық бойынша кәсіпкерлік, психология, маркетинг бойынша маман-тренерлердің екі апталық курстарында оқиды. Жоба басталғалы бері 901 адам оқып шығып, қосымша мамандық игерді.

Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап Атырау әкімшілігі қоғамдық көлік сапасын жақсарту мақсатында көлік паркі кеңейтілетінін жеткізді. 2020 жылы қосымша 170 автобус алынады деп жоспарлануда. Қазан айынан бастап, Атырауда қоғамдық көлікте жол ақысын электронды төлеу жүйесін және дифференциалды тариф енгізілді.