Заңсыз митингіге қатысқан 957 азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейсов мәлімдеді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Заңсыз акцияларға қатысқаны, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамағаны үшін сотпен 957 тұлға әкімшілік жазаға тартылды. Оның ішінде 670 тұлға, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 457, Алматыда 164 адам қамаққа алынды. 115 адамға айыппұл салынды, 172 тұлғаға ескертілді», - деді Сапарбек Нұрпейсов.

Айтуынша, полиция қызметкерлеріне де шабуыл жасалып, үш полиция қызметкері дене жарақаттарын алған.

«Бас прокуратура заңсыз митингілерді ұйымдастыруға және қатысуға жол берілмейтіні туралы бірнеше рет түсіндірген. Алайда, жекелеген тұлғалар араңдатушылыққа беріліп, елорда мен басқа да ірі қалаларда наразылық акцияларға шықты». – деді өз сөзінде.

«Мемлекет басшысы прокуратураға ұсталған тұлғалардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуді тапсырды», - деп айтып өтті С.Нұрпейсов.

«Қадағалау өкілеттігі аясында прокурорлар, жасаған әрекеттерінің заңсыз екенін түсінгенін, жеке басын, отбасылық және басқа да жағдайларды ескере отырып, соттарға 311, оның ішінде Нұр-Сұлтан - 257, Алматы – 53 тұлғаға қатысты олардың қамаққа алу мерзімдерін төмендету жөнінде апелляциялық өтінішхаттар келтірді. Сот қолдады. Олар босатылды», - деді ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы.

Айтуынша, бүгінде арнайы қабылдау орындарында 191 адам, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 80, Алматыда 111 адам 6-дан 15 тәулікке дейінгі мерзімде қамақта отыр.

Айта кетсек, заңсыз акцияларға және тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысу Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 400 және 405-баптарына және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабына сәйкес заңмен белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.