5 маусымда Қазақстанда Jasyl Jol электробильдерінің алғашқы жүрісі басталады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Ауаны ластамай, шусыз, жанармайсыз қозғалатын 6 автокөлік «Нұр-Сұлтан – Бурабай – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша 540 шақырымды басып өтеді», - деді Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының Аппарат басшысы Әділбек Бәсекеев.

Ал электр көлігін дамытуға және оны насихаттауға тежеу болып тұрған мәселелер жарыс басталғанға дейін Халықаралық Жасыл Технологиялар және Инвестициялық Жобалар Орталығы (IGTIC) ауқымында талқыланады. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, автомобиль компанияларының, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және іскерлік топтардың өкілдері «Қазақстан Республикасында көліктің балама түрлерін ілгерілету – шығарындыларды азайтуға және орнықты қалаларды дамытуға қосар үлес» атты дөңгелек үстелдің жұмысына қатысады.

«Біз Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін Қазақстандағы электромобиль қозғалысының дамуына тың серпін беретін іс-шарамен атап өтуді ұйғардық. Электромобильдерді қолжетімді және кеңінен танымал қозғалыс құралына айналдыру үшін жолдардың бойына қуатпен жабдықтау бекеттерін құру, өндіріс орындарын ашу, қосалқы бөлшектер шығару керек», - деп атап өтті Әділбек Басекеев.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың атмосфераға шығарындыларды азайту және таза көлік түрлерін дамыту жөніндегі Қазақстанның міндеттемелерін орындау туралы тапсырмасын іске асыру аясында өткізіледі.