Ақпарат саласы бойынша заңға қажетті түзетулер енгізілмек. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

«Қазір ақпарат саласы бойынша біздің министрлік тиісті заңды жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қажетті түзетулер енгізу де жоспарымызда бар. Атап айтар болсам, бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір өнімдерін жарнамалауға тыйым салуды тоқтату, мемлекеттік тапсырысты аймақ деңгейіндегі мемлекеттік сатып алу жүйесінен шығару, бұқаралық ақпарат құралдарын салықтан босату, «сұр тарелкалардың» таралуына шектеу қою шаралары», - деді министр.

Өз сөзінде БАҚ саласын жаңғырту мен сапалы телевизиялық контент қалыптастыру жұмыстары да жалғаса беретінін айтты.

«Мысалы, «Тамаша» деп аталатын бірінші әзіл-сықақ бағытындағы телеарна өз бағдарламаларын көрермен назарына ұсына бастады. «EL ARNA» киноканалы да дамып келе жатыр. Олар биыл хабар таратудың жаңа сатысына көтерілді. Ендігіде бұл телеарна арқылы тек қана отандық фильмдерді емес, театр сахнасындағы үздік қойылымдарды да тамашалауға мүмкіндік пайда болады», - деді ол.

Сонымен қатар, қазақстандық телевизия мен баспасөз құралдары көрші елдерде көрсетіле бастағанын да айтып өтті.

«Бұл өзге мемлекеттерде тұратын қандастарымыз үшін қолға алынған шара. Көптеген жылдар бойы жүргізілген келіссөздердің нәтежиесінде Хабар-24 пен Kazakh tv арналарын Ресей Федерациясында тіркеуге қол жеткіздік. Ресейлік спутниктік және кабельдік операторларымен де келіссөздер жақсы деңгейге көтерілді. Олар алдағы уақытта өз «пакеттеріне», яғни өздерінің желілері арқылы біздің арналарды көрсете бастайды», - деді Дәурен Абаев.

Айтуынша, осы жылдың сәуір айынан бастап, ресейдің «Мульт» деп аталатын балалар каналында мемлекеттік тілдегі қазақ өнімдері көрсетіле бастады.