Жыл басынан бері 81 адам, оның ішінде 23 бала суға кеткен. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, жыл басынан бері 81 адамның, соның ішінде 23 баланың ажалы судан болды. Арасында 24 адам балық аулаудың қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Яғни, балықшылар көктем және қыс айларында су бетіне құтқару құралынсыз шыққан. Ал оның ақыры қайғылы жағдайға әкеліп соқтырған», - дейді Юрий Ильин.

Айтуынша, шомылуға арнап жабдықталмаған орында суға түсемін деп қаза болғандар саны - 11, оның алтауы – бала.

Статистика бойынша, ата-ананың қарауынсыз қалған 15 бала суға құлап, мерт болған. Ал 2 адам өзгелерді құтқару кезінде ажал құшқан. Тағы 27 адамның қалай қаза тапқаны әлі анықталып жатыр.

«Аталмыш санаттағы қайғылы оқиғалардың себебі әртүрлі. Бірінде қылмыстың ізі болса, бірінде сиуцид жағдайы бар. Судан келген өлімнің барлығы тіркеліп отырады. Әр жағдай бойынша толық тексеру жүргізіледі» - дейді Ішкі істер министрінің орынбасары.