ХІІ Астана экономикалық форумының аясында өткен қала мэрлерінің форумында қала әкімі елорданың мегополис мәртебесіне ерекше тоқталды.

«Қазіргі уақытта елордада республиканың жалпы ішкі өнімінің 11 пайызы өндіріліп, елдегі негізгі капиталдың 10 % инвестициясын құрайды. Осы жылдар ішінде қаланың жалпы өңірлік өнімі шынайы мәнде 6 есе өсіп, шамамен 17 млрд долларға жетті. Елорда экономикасына 9 трлн теңге капитал салынды. Инвестицияның жылдық көлемі 55 есеге артты. Бұл 3 млрд доллардан астам қаражатқа тең. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының экономикасы өзіне жеткілікті. Жалпы өңірлік өнімінің 55 % кәсіпкерлік сектор есебінен қалыптасады. Әрбір үшінші елордалық кәсіпкерлікпен айналысады. Соған сәйкес бюджетке салықтық түсімдердің жартысынан көбі кәсіпкерлердің үлесіне тиесілі. «Әрбір мемлекеттің елордасы оның «визиттік картасы» саналады. Нұр-Сұлтан қаласының елордалық мәртебесі оның мемлекеттегі рөлімен байланысты көптеген міндеттерді шешуді талап етеді», - деді Б.Сұлтанов.

Оның айтуынша, еліміздің бас қаласының қарқынды дамуында Елбасының еңбегі мен үлесі зор.

«Бүгінде жаһандық қалалар арасында инвестиция, таланттар, туристер мен кәсіпкерлер үшін тұрақты бәсекелестік жүріп жатыр. Осынау күресте ең жақсы мүмкіншілік ұсынған ғана жеңіске жетеді. Бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін біз өңірімізде тіршіліктің жоғары сапасын қамтамасыз етуге тиістіміз. Өйткені, адамдар бизнесті жеңіл жүргізіп, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүретін жерде жұмыс істегенді қалайды. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана әрі көреген саясатының арқасында қаламыз айтарлықтай табысқа қол жеткізіп отыр. Дамудың 20 жылының ішінде елорда бет-бейнесі түбегейлі өзгерді. Бүгінде әкімшілік, коммерциялық және қоғамдық кеңістік үйлесімде түйіскен заманауи, тартымды және қарқынды дамушы мегаполист мәртебесіне сай келеді», - деді Б.Сұлтанов.

Одан бөлек, елорда әкімі Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының әзірленетінін тілге тиек етті.

«Елорданың қарқынды дамуына байланысты осы жылы 2050 жылға дейінгі Нұр-Сұлтан қаласын дамыту стратегиясын әзірлейміз. Стратегиясы мақсаты - тіршілік тартымдылығы мен барлығына арналған жұмыс, жаһандық бәсекеге сай әрі тұрақты экономика сынды сипаттамаларды қамтитын жаһандық деңгейдегі қала құру. Және түптеп келгенде ең алдымен саяси Еуразиялық жаһандық хабқа айналады», - деді ол.