Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл басында алдағы бесжылдыққа арналған дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Құжат Қазақстан халқына Жолдау аясында ерекше өзектілікке ие болды. Қ.Тоқаев белсенді өмір салтының басымдығын тағы да атып өтті. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР МСМ «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу - әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК директоры Абзал Мыхыбаев салауатты өмір салтын белсенділік немесе дене шынықтыру арқылы насихаттау және дәріптеу аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Біріншіден, «Бұқаралық спорт - белсенді ел кепілі» жобасы іске қосылды. Ол интернет, әлеуметтік желілер және теледидар арқылы таратылады. Екіншіден, belsendiel.kz сайтының жобасы жұмыс істеп тұр, онда қолға алынған кешенді жоспар аясында оқырмандарға жаңалықтардан басқа, дене белсенділігінің пайдасы, оның формалары, әдістері мен құралдары туралы өзекті және ғылыми негізделген ақпарат ұсынылады. Ақпарат барлық жас санаттарына - балаларға, ересектерге, зейнеткерлік жастағы адамдарға және отбасыларға арналып, бөлімдерге бөлінген. Жалпы, қызығушылық танытқан кез келген адам өзіне пайдалы ақпаратты таба алады.

«Сайттың ерекшелігі – спорттық нысандар картасы, онда сіз өзіңізге ыңғайлы, әрі дене белсенділігіңізге қарай сәйкес келетін үйіңізге жақын орналасқан спорттық нысанды таңдай аласыз. Қазір картаның үштен бір бөлігі ғана толтырылды. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ал видеомыздан, мысалы, арнайы жабдықтарсыз, көп қаржы жұмсамай өте жақсы физикалық қалыпқа келуге болатынын көре аласыздар», - деді Мыхыбаев.

Кешенді жоспардың тармақтарының бірі республиканың ауылдық округтерін спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі таңда аталған мамандар контингенті үшін әдістемелік құралдар әзірленуде. 2021 жылы олардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіледі.