Білім беру және денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерге арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында екі жылда 3 000 қазақстандық отбасы меншікті тұрғын үйлі болады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Тұрғын үйді жалдау мерзімі - 20 жыл. Бастапқы жарнасыз беріледі. Тұрғын үйді кез келген уақытта және айыппұл санкцияларын қолданусыз мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі бар», - деп мәлімдеді «ҚИК» ИҰ» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Айтуынша, тұрғын үй қаражатын төлеуде кіріс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі қарастырылған.

«Бағдарлама бойынша жалгерлік төлемнің орташа айлық құны республика бойынша орташа бағадан төмен болады», - деп атап өтті.

Тұрғын үй алуға үміткерлер тізімін тікелей министрліктер құратын болады.

«Өз кезегінде тізімде берілген қызметкерлердің төлем қабілеттілігін тексереміз және бағалау қорытындысы бойынша өтінімдері мақұлданған үміткерлермен ұзақ мерзімді жалдау шарты бекітіледі, - деді Әділ Мұхамеджанов.

Айта кетсек, аталмыш бағыттағы қызметтерді қаржыландыруға шамамен 40 млрд теңге «ҚИК» ИҰ» АҚ меншікті қаражаты мен нарықтық талаптарға сәйкес қарызға алынған қаражат жұмсалатын болады.