R инфекциясының репродуктивті көрсеткіші - бұл Үкіметтің карантинді тоқтату немесе оның қазіргі шараларды жеңілдету туралы шешіміне әсер ететін екі көрсеткіштің бірі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына берген жауабында мәлімдеді.

Оның айтуынша, билік карантиндік шараларды жеңілдету туралы шешім қабылдауы үшін бұл көрсеткіш 1-ден төмен болуы керек.

«Шамамен 1,5 ай бұрын бұл көрсеткіш 1.2 деңгейінде болды. 1 тамызда ол 0.9-ға дейін төмендеді, 10 тамызда - 0.84 құрады. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Біздің міндетіміз - оны одан әрі барынша азайту және нөлге теңеу», - деді Б.Қожахметов.