Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар Қызметіндегі баспасөз конференциясында Алматы қаласының әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019 жылдың 10 айының қорытындылары туралы айтты.

«Алматы қашанда Елбасы мен Президенттің назарын сезінеді және болашаққа батыл қарайды. Қала жылдам дамуда. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасы және оның алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша берген тапсырмасы жүйелі жүзеге асуда», - деді Б. Сағынтаев.

Б. Сағынтаев атап өткендей 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қала экономикасының барлық салаларында оң динамика байқалады. Өнеркәсіп 5,1%-ға, инвестиция 3,1%-ға, бөлшек сауда 11,8%-ға, көтерме тауар айналымы 1,3%-ға, құрылыс 3,2%-ға өсті. Тұрғын үйді іске қосу 8,8%-ға (1 552,5 мың.шаршы метр) ұлғайды.

Алматылықтардың нақтылы табысы 6,7%-ға өсті: ағымдағы жылдың 3 тоқсанында орташа айлық жалақы 220 мың теңгеден артты. Жыл басынан бері қарай 40,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыз азаматтарды және NEET санатындағы жастарды еңбекпен қамту бойынша жекелеген жұмыстар жүргізілуде. Еңбекпен қамтудың 12 мобильді орталығы құрылды.

«Қалалықтарды ауыз сумен 100% қамтамасыз ету басты мәселенің бірі деп есептеймін. 23 ықшамаудандағы 105 мың тұрғынды ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін барлық жұмыстарды 2023 жылы аяқтауды жоспарлаудамыз», - деп атап өтті Алматы әкімі.

Сонымен қатар, бұрын жарығы болмаған 208 көшеге сыртқы жарық орнатудың құрылысы аяқталды. Келер жылы 1176 көшені жарықтандыру реттеледі. Осылайша жарықтандыруда 100% көрсеткішке қол жететін болады.

Әлеуметтік инфрақұрылымды модернизациялау жөнінде әрбір медицина ұйымдары мен аудандар бойынша 3 жылдық жоспар әзірленді.

«2020-2020 жылдары жеке инвестиция есебінен 2240 орынды 4 мектеп, 8000 орынды 300 балабақша ашу жоспарланған. Осылайша, бұл шаралар екі ауысымда оқытатын мектептердегі тапшылықты 30 мың орынға, ал балабақшалардағы кезекті 10 мың орынға азайтуға мүмкіндік береді», - деді Б. Сағынтаев.

Президенттің тапсырмасы бойынша Алматы қаласында видеомониторинг жүйесі енгізілуде. Таяу уақытта «Сергек» видеофиксация жүйесінің 707 постысы орнатылады. Жалпы, полицияның материалды-техникалық жарақтануы еліміз бойынша өте жоғары – 87%. Қауіпсіздік шараларын күшейту қылмыс санын 10,2%-ға қысқартуға және қылмыстың ашылуын 26-дан 30%-ға арттыруға ықпал етті.

Алматы әкімі болашақта атқарылатын жұмыс жоспарлары туралы хабардар етті. 2/3 алматылық қамтылған ШОБ дамыту үшін кәсіпкеркерлікті дамытудың «Алматы Бизнес-2025» жаңа бірыңғай өңірлік бағдарламасы әзірленді. 2020 жылдан бастап қаржылық қолдау көлемін 4,5 млрд теңгеден 30 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Реформалар көтерме және бөлшек сауданы қолдауға бағытталады (қала экономикасындағы үлесі - 30%), әсіресе тауарлар мен жаңа технологиялар буыны қызметтерінің секторына.

Әкімдік жұмысының басты бағыты – инвестиция тарту. Doing business субұлттық рейтингі бойынша Алматы бизнесті қолайлы жүргізу жөнінде өңірлер арасында бірінші орында тұр.

«Бізге әлемдік инвестициялық радарлар қартасына ену қажет. Алматыда жақында өткен инвестфорум біздің мегаполиске және оның даму жоспарларына инвесторлардың үлкен қызығушылығын көрсетті. Біз белсенді жұмыс жасаудамыз», - деді Б. Сағынтаев.

«Алматы» АКК қызметі оның құрамына Almaty Invest енуінен бастап қайта өзгерді. Қазірдің өзінде жалпы сомасы $7,5 млрд болатын 58 инвестжобаны қолдайтын ірі инвесторлар анықталды.

«Стратегиялық жоспардағы 2019 жылдағы біздің ең басты шешіміміз – Алматы экономикасында басталған құрылымдық тәсіл. Құрылымдық тәсілдің басты мақсаты – қала мен әрбір алматылықтың әл-ауқатының өсуі үшін берік экономикалық база құру», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев үш маңызды құжаттардың әзірленуі туралы хабарлады:

− Мегаполистің шет аудандарының инфрақұрылымдық проблемаларын шешетін 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматының» кешенді жоспары;

− Алматы агломерациясын дамытудың өңіраралық немесе «Үлкен Алматы» жоспары – тиісті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы бар тұрғын үй салу;

− Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленген «Алматы-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясы. Қазір ол қала тұрғындары арасында қоғамдық талқылаудан өтуде.

«2020 жылдағы басты міндет - «Алматы-2050» стратегиясының дұрыс бастау алуы және ең маңыздысы – алматылықтардың қабылданған шешімдердің алғашқы нәтижелерін сезінулері», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Президент К-Ж.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биыл қаламызда видеомониторинг жүйесі енгізілуде. "Сергек" жүйесінің 707 постысы орнатылады Президент Алматы қаласына жасаған сапарында балабақша тапшылығын шешуді тапсырған болатын. Тапсырмаға сәйкес, 2020 жылы 4 мектеп, 300 балабақша салынады.