Карантин қызмет көрсету және сауда саласындағы 830 мыңнан астам кәсіпкердің қызметіне қатты әсер етті, онда 1,3 миллион адам жұмыс істейді. Жедел штаб 40 мың кәсіпкердің арасында жүргізген сауалнаманың нәтижесінде, сұралғандардың 35%-ы қызметкерлерін жұмыстан қысқартқанын немесе ақысыз демалысқа жібергенін көрсетті. Ең көп зардап шеккен салалар: тамақтандыру, көлік, тұрмыстық және басқа қызметтер, бөлшек сауда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев мәлім етті.

Кәсіпкерлер палатасы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, бизнесті карантин режимінен кезең-кезеңімен шығаруға көмектесетін InfoKazakhstan электрондық платформасын іске қосты.

«Кәсіпкерлерге ыңғайлы болуы және бизнестің локдауннан шығу процесінің ашықтығы, адами факторды болдымау үшін біз InfoKazakhstan электрондық платформасын іске қостық. Ол арқылы әрбір кәсіпкер қызметін қайта бастауға өтініш бере алады. InfoKazakhstan интерфейсі қарапайым әрі түсінікті, түсіндіру жұмыстарына баса назар аударылады. Оқыту бейнероликтері, жадынамалар дайындалып, «Атамекен» ҰКП байланыс орталығы мен өңірлік палаталардың базасында техникалық қолдау қызметі ашылды», - деп атап өтті Э.Жұмағазиев.

Қарапайым сөзбен айтқанда, кәсіпкер жұмыс істеуге дайын екендігі туралы өтініш бере алады және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің келуін күтеді. Олар объектіні ашуға рұқсат береді. Барлық сұрақтар бойынша 1432 номеріне Бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.