8 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған «Қазақстан барысы» бәйгесі өтеді.

«Еліміздің 14 облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және күштік құрылымдар арасындағы турнирде іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады. «Қазақстан Барысы» турнирі 8 маусымда 13:00-де балуандардың жеребе тарту рәсімінен басталады. Тартысты белдесулер жеті сағатқа созылады деп жоспарланып отыр», - деді ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев.

Ал 6 маусымда сағат 19.00-де ресми салмақ өлшеу рәсімі өтеді.

«Жүлде қорына 41 млн теңге бөлінді. 1-ші орын алған балуанға 25 млн теңге беріледі. Одан кейінгі орындарға 2-3 есе төмендеу сыйақы беріледі. Сыйақы мөлшері аз емес. Жүлде қоры да жақсы болуы керек, бірақ «Қазақстан барысы» атағы одан да жоғары тұрады деп ойлаймын. Бұл атақты алу бүгінгі таңда әр балуанның арманы», - деді Арман Шораев.

Сонымен қатар, жеңімпаз атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады.

Айта кетсек, турнирді «Нұр-Отан» партиясы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры ұйымдастыруда.