Нұр-Cұлтан қаласында азық-түлік қауіпсіздігі, сауда орталықтарының жұмысы және тауарларды карантинді аймақ ішінде және одан тыс жерлерде өткізу туралы қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев азаматтарды хабардар етті.

Спикердің ақпараты бойынша, енгізілген карантинге сәйкес, ірі сауда нысандары оларда орналасқан Тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті тауарларды сататын объектілерден басқасы жабық. Дәріханалар, банктердің есеп айырысу-кассалық бөлімшелері әдеттегі режимде жұмыс істейді. Бұл ретте жоғарыда көрсетілген объектілер:

1) штаттық режимде үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету;

2) санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейту (тепловизорларды пайдалану, маскалардың болуы, санитайзерлерді орнату);

3) кезекте сатып алушылар арасындағы 1 м қашықтықты сақтауды қамтамасыз ету;

4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен бірінші кезекте қажетті тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу;

5) көкөністер мен жемістерден басқа, барлық азық-түлік тауарларын, оның ішінде сусымалы тауарлар мен кептірілген жемістерді буып-түйілген түрде өткізуді қамтамасыз ету;

6) сусымалы тауарларды (қант, күріш, қарақұмық) бір қолға 5 кг дейін, күнбағыс майы – 5 литрге дейін сатуды шектеу.

Е. Бекмырзаевтың айтуынша, қоғамдық тамақтану нысандары (мейрамханалар, дәмханалар, асханалар) жабылатын болады. Бұл ретте олар онлайн тапсырыс және жеткізу бойынша жұмыс істей алады. Елорда бизнесінің қалған барлық нысандары карантин кезеңінде тоқтатылуы тиіс.

Сондай-ақ, инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы бүгінде қалада 48 мың тонна азық-түлік тауарлар қоры бар, бұл айлық тұтыну нормасын құрайды деп мәлімдеді. Қазіргі уақытта елорда әкімдігінің өңірдің шаруа қожалықтарымен қалаға азық-түлік өнімдерін тікелей жеткізу бойынша уағдаластықтары бар. Азық-түлік қалаға кедергісіз түсуді жалғастырады. Азық-түлік, бірінші кезекте қажетті тауарлар мен құрылыс материалдары бар жүк көлігі үшін жасыл дәліз қамтамасыз етіледі.

Блокпостарда тауарға арналған жүкқұжаттар, маршруттық парақ, жүргізуші мен экспедитордың денсаулық жағдайы тексеріледі. Жеткізушілерге арналған алгоритм - көлік қоймаға дейін жетеді, түсіріледі және бірден шығады. Маршруттан ауытқуға жол берілмейді. Әрбір жүк онлайн режимінде бақыланады. Ол үшін "Сергек" камерасымен біріктірілген "Блок-пост"мобильді қосымшасы іске қосылды.

Спикер барлық ірі сауда желілері мен базарларда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына күнделікті мониторинг жүргізуге ерекше назар аударды. Барлық ақпарат бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қабылдау үшін монополияға қарсы органдарға жіберіледі.

Шағын бизнеске түсетін жүктемені төмендету үшін жұмыс уақытын қысқарту немесе қызметті уақытша тоқтату не бизнес субъектілерінің қашықтан жұмыс істеуіне көшу мәселесі пысықталуда. Көптеген елордалық сауда және бизнес-орталықтар шағын бизнесті қолдап, өз жалға алушыларына амалсыз бос тұрып қалу кезінде жалдау ақысын төлеуге демалыс береді.