Қызылорда облысының тұрғындары тарапынан дәріханаларда дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына байланысты шағымдар көп.

Осыған орай аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне осы саланы тұрақты мониторинг жасау және баға тұрақтылығын қатаң бақылау туралы тапсырма берді.

Сонымен қатар, қала, аудан әкімдіктері және «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанынан құрылған арнайы мониторингтік топтар да дәрі-дәрмек бағасы мен көлемін қатаң бақылайтын болады.

Айта кетейік, қазіргі кезде елімізде 7 452 дәрілік заттың атауы тіркелген. 6191 дәрілік заттың атауына шекті бөлшек сауда бағалары белгіленген.

Жалпы, дәрі-дәрмектің шекті бөлшек бағалары туралы толық ақпаратты «DARI.KZ» қосымшасынан алуға болады. Егер дәріханаларда дәрі бағасының ретсіз өсуі туралы деректер мен сауалдарыңыз болса, аталған қосымша арқылы электронды түрде немесе 109 жедел желісіне хабарласып, шағым қалдыруға болады. Жедел желі тәулік бойы жұмыс істейді.