Елорда маңындағы елді мекендерде қасқырлардың пайда болуы туралы ақпараттың таралуына байланысты бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз шарасына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Нариман Жүнісов пен Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы аудандық табиғатты қорғау полициясы бөлімшесінің бастығы Владимир Колягин қатысты.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Н. Жүнісовтің ақпараты бойынша елімізде қасқырлардың жалпы саны шамамен 13 мыңға жетеді. Алайда, Қасқыр популяциясының 5 өңірде аз болуына байланысты, оның ішінде Ақмола облысында жыртқыштардың осы түрінің санын реттеуге шектеу енгізілді. Жалпы, қасқырдың өмір сүру аймағы Қазақстан бойынша азықтық базаға байланысты біркелкі емес.

Соңғы 10 жылда Қазақстанда адамға қасқыр шабуылының жағдайы тіркелген жоқ. Қасқырлардың үй малына шабуылына келетін болсақ, Қазақстанда 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы мен Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы аумағында 2 факті тіркелді. 2020 жылы үй малына шабуыл жасау жағдайы Жамбыл облысында тіркелді.

В. Колягиннің айтуынша, мессенджерлерде таралған астананың шеткі аумағында қасқырлар жүр деген ақпарат жалған болып табылады. Қазіргі уақытта Нұр-сұлтан полициясы жалған хабарлардың авторларын іздестіруде.

Ол сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын айтты. (ҚР ҚК 272-бабы 2-бөлімі).