ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясындағы Алматы облысының басты жетістіктері, сондай-ақ 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімдеді.

«Жалпы өткен 10 айда экономиканың барлық салаларында өсім бар. Әсіресе, инвестиция тартудағы жетістіктерді ерекше атап өтуге болады. Облыста өткізілген "Жетісу ИНВЕСТ-2019: «Қаржы құй. Өмір сүр. Саяхатта" атты Халықаралық инвестициялық форум нəтижесінде құны 860 млн. АҚШ доллары болатын 13 меморандумға қол қойылды. Оған қоса форумнан кейін «KUSTO GROUP» компаниялар тобының жобалары дайындала бастады. Қазір олар Алматы облысында басым бағыттың бірі болып белгіленген кешенді экожүйе мен протеиндік стратегия тұжырымдамасы бойынша жұмыс істеуде. «KUSTO GROUP» экожүйесінің тағы бір межесі бордақылау алаңдарын салу болмақ. Облыста бір мезгілде 100,0 мың бас ірі қара ұстай алатын 10 мал бордақылау алаңын ашу жоспарланған. Алматы облысының инвестциялық портфелінде 40 мың жұмыс орны құрылатын, жалпы құны 4,9 трлн. теңгелік 421 жоба бар», - деп атап өтті Амандық Баталов.

Амандық Баталовтың айтуынша, Қолайлы жағдай жасаудың арқасында республикадағы 19 Трансұлттық компаниялардың тоғызы облысқа тартылған. Олардың ішінде өткен жылы екі зауыт - «WILO» неміс компаниясының сорғы құралдарын өндіру зауыты мен қазақстандық ұннан экспортқа бағытталған азық-түліктің 30 түрін өндіретін "Маревен Фуд" зауыты іске қосылды. Сонымен бірге қыркүйек айында қуаттылығы 100 мың тонналық ресейлік "Лукойл" компаниясының майлау материалдарын шығаратын зауыты іске қосылды, 36 млрд.теңге инвестиция тартылып, 225 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін Біріккен Араб Әмірліктерінің "Феникс" компаниясының қуаты жылына 60 мың тонна болатын құрамажем зауыты іске қосылып, 102 жұмыс орны құрылады.Сондай-ақ сингапурлық компанияның қатысуымен желтоқсан айында қуаттылығы жылына 1,2 млн.тонна болатын "АлаЦем" цемент зауыты іске қосылады.

Спикер өз баяндамасында агроөнеркәсіптік кешеннің аймақты дамытудағы рөліне де тоқталды. Мәселен, еңбек өнімділігі биыл өткен жылға қарағанда 4 процент өсіммен 2 млн. 150 мың теңгеге дейін, ал өңделген өнім экспортының көлемі - 5,5 процент өсіммен 85 млн. АҚШ долларына дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша облыстың үлесі 17 процентті құрап, республикада бірінші орында. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі жеті мың гектарға кеңейтіліп, 961 мың гектардан асты, оның 465 мың гектары – суармалы жер. Қант қызылшасының алқабы 14 мың гектарға, жүгері 82 мың гектарға дейін жеткізілді. Өңір екінші жыл қатарынан өнеркәсіптік картоп шаруашылығын дамытумен айналысып келді. Жалпы биылғы жылы 525 мың тонна қант қызылшасын жинап, 52 тонна қант өндіру жоспарланған.

Мал шаруашылығы да өркендеп келеді. Жыл өткен сайын шағын және орта бизнес нысандарының саны өсуде. Бүгінде шағын және орта бизнесте 252 мың адам жұмыс істейді, олар шығаратын өнімдер мен көрсететін қызметтердің көлемі биыл 1,4 трлн-ға дейін өседі деп күтіліп отыр.

Облыс басшысы аймақтың басым бағыттарының бірі – туризмді дамыту ісіне де айрықша тоқталды.

«Жетісу аумағында туристік тұрғыда қызығушылық тудыратын 162 жер бар, оларға биылғы жылы екі миллионнан астам турист келген. Біздің «Инфрақұрылым-Инвестициялар-Маркетинг» атты табыс формуламыз соңғы бес жылда туристер легі өсімін 2,5 есеге, ақылы қызметтер көлемін - 3,5 есеге, орналастыру нысандарын 1,5 есеге өсіруді қамтамасыз етті, 40 млрд.теңге жеке инвестициялар тартылды», - деді А. Баталов.

Бұл ретте 2025 жылы Алматы өңіріне келетін болжамды туристер легі 4 млн.адамға жетеді, оның ішінде 3,5 миллионы облысымыздың нысандарында ғана. Жоспарланған инвестициялар көлемі шамамен 1 млрд. АҚШ долларын құрайды, бұл 22 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Облыста тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларды қолдауға көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта Әлеуметтік карта әзірленіп, оны іске асыруға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд.теңге бөлінді. Әлеуметтік карта шеңберінде балабақшалар мен мектептерде аз қамтылған отбасылардың 58 мың баласы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Талдықорған қаласында 42 мың оқушы мен студент және үш қалада сегіз мың көп балалы ана тегін жол жүруді пайдаланады. Аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға жоғары оқу орындарына түсу үшін 100 грант бөлінді. 2277 отбасы газға тегін қосылды және 22,6 мыңнан астам отбасына улы газ датчиктері орнатылды.

Тұрғын үй мәселесі де шешімін табуда. Жыл басынан бері 743 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жылдық жоспар 95 процентке орындалды. Бүгінде тұрғын үй алу кезегінде 51 мың адам тұр, оның 6039-ы – көп балалы отбасылар. Биылғы жылы барлық бағыттар бойынша 1 447 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, оның 1 093-іне берілді. Оның ішінде "Нұрлы Жер" бағдарламасы бойынша – 151 отбасы, сатып алу есебінен – 346, меценаттар есебінен – 169 отбасы, "Бақытты отбасы" бағдарламасы арқылы 427 отбасы үйлі болды. Сол сияқты Талықорған қаласында коттедж қалашығы салынуда, онда 606 үй болады. Биылғы жылы 155 коттедж салынып, қазан айында 100 пәтер тапсырылды, оның 70 пәтері көп балалы және аз қамтылған отбасыларына берілді.

Инфрақұрылыммен қамту ісі де қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Алматы облысында жыл соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 81 процентке жетеді. Биылғы жылы жалпы сомасы 8 млрд. теңгеге 69 жобаны іске асыру нәтижесінде орталықтандырылған сумен 675 елді мекен қамтылып, сумен жабдықтау деңгейі 91 процентке жетеді. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Сол сияқты балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 98,4 процент болса, келесі жылы 100 процентке жеткізіледі.

Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жыл сайын осы саладағы іске қосылатын нысандардың саны 15-ке дейін жетеді. Ал медицина объектілерінің жабдықталу деңгейі - 83%. Сол сияқты міндетті медициналық сақтандыруды енгізу жұмысы аяқталуда, бекітілмеген тұрғындардың саны 100 мыңнан 36 мың адамға дейін қысқарды.