Биыл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың сын-ескертпелері мен сындарлы ұсыныстарына жедел ден қоюға қабілетті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу қажеттігін атап өткен болатын.

Осыған орай, ҚР Әділет министрлігі Жоғарғы Сотпен бірлесіп Әкімшілік рәсімдік-іс жүргізу кодексінің жобасын әзірледі. Жобаның таныстырылымы бүгін алаңымызда өткен брифингте журналистер назарына ұсынылды.

Алаңымызға келген ҚР Әділет министрі М.Бекетаев кодекстің жобасы бірнеше мақсаттарды көздейтінін айтты.

«Біріншіден, азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктер жиынтығын бекіту. Екіншіден, жоғары тұрған орган мен сотта билік органдары дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау нәтижелері, мемлекеттік қызметтер көрсету, рұқсат беру және хабарлама рәсімдері, оларға дау айту және т. б. бұған мысал бола алады», - деді министр.

Егер мемлекеттік емес субъекті азаматтардың құқықтарын іске асыруға бағытталған шешімдер қабылдауға уәкілетті болса, онда ол Кодекстің жобасында белгіленген кепілдіктерді сақтауға міндетті болады.

Мысалы, табиғи монополиялар субъектілері азаматтарға қызмет көрсетуге міндетті екеніне қарамастан, олардың шешімдеріне «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға болмайды, себебі табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік органдар болып табылмайды.

Кодекс қолданысқа енгізілген жағдайда оның ережелері, егер ол азаматтардың құқықтарын іске асырумен байланысты болса, мемлекеттік және мемлекеттік емес субъектілердің кез келген қызметіне қолданылатын болады.